Ауыз қуысының саулығы өмір сапасының маңызды көрсеткіштерінің бірі – маман
АСТАНА. KAZINFORM – 2008 жылдан бастап халықаралық стоматологтар федерациясы (FDI) жыл сайын 20 наурызда дүниежүзілік ауыз қуысы денсаулығы күнін (WOHD) атап өтеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2022 жылғы «Жаһандық есеп» деректеріне сәйкес, әлемде 3,5 миллиардқа жуық адам ауыз қуысы ауруларынан зардап шегеді. Болжам бойынша, әлемде 2 миллиард адам тұрақты тісжиегі дертіне шалдыққан, ал 514 миллион баланың қызыл иегі ауырады.
Мамандар тұрмыс жағдайының өзгеруіне байланысты ауыз қуысы ауруларының таралуы артып келе жатқанына алаңдаушылық танытып отыр. Оның себебі ағзаға фтордың жеткіліксіздігінен (ауыз су мен тіс пастасы сияқты ауыз қуысы күтімі өнімдерінен), құрамында қант мөлшері көп, арзан тағам өнімдерінің кең таралуымен байланысты.
Сонымен қатар қант пен зиянды заттар мөлшері жоғары тағамдар мен сусындарды, темекі өнімдерін және алкогольді белсенді жарнамалау олардың тұтынуын арттырады, бұл өз кезегінде ауыз қуысы аурулары мен басқа да жұқпалы емес аурулардың өршуіне ықпал етеді.
Егер адам тәтті өнімдерді жиі тұтынса, ағзада фтор жетіспесе және ауыз қуысы гигиенасын дұрыс сақтамаса, тісжиегі пайда болады, бұл ауырсынуды тудырып, кейбір жағдайда тістің зақымдануы мен инфекцияның өршуіне әкелуі мүмкін.
Дүниежүзілік ауыз қуысы денсаулығы күнін атап өтудің мақсаты қандай?
Халықты ауыз қуысы ауруларының алдын алу және ерте анықтау қажеттілігі, ауыз қуысына күтім жасау, сондай-ақ стоматологиялық аурулардың алдын алудың заманауи мүмкіндіктері туралы хабарын арттыруға бағытталған.
Елімізде аталған іс-шара «Болашаққа сау тіспен» жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармалары, медициналық жоғары оқу орындары мен колледждер халықты ауыз қуысы денсаулығын сақтауға шақыратын бірқатар іс-шара өткізеді.
Ауыз қуысы ауруларының алдын алуға арналған ұсыныстар:
— Ауыз қуысы гигиенасын сақтауға жауапкершілікпен қарау. Тісті күніне кемінде екі рет тазалау, сондай-ақ қосымша гигиеналық құралдарды пайдалану (тіс жібі, аралық тіс щеткалары, ауыз шайғыш сұйықтықтар және т. б.);
— Дұрыс тамақтану қағидаларын сақтау. Көмірсуларды тұтыну жиілігін шектеу қажет. Тәулігіне 5-6 реттен артық тамақтанбаған абзал;
— Стоматологқа жылына кемінде бір рет қаралу. Бұл алдын алу шараларын уақытында қабылдауға және қажет болған жағдайда тісті емдеуге мүмкіндік береді;
— Ауыз қуысы денсаулығы жалпы денсаулықтың, әл-ауқаты мен өмір сапасының маңызды көрсеткіштерінің бірі.
Ауыз қуысы денсаулығына қатысты әңгімені медицина ғылымдарының докторы, профессор, С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ стоматология мектебінің деканы, Қазақстан стоматологтар қауымдастығының президенті, Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс стоматологы Сәуле Есембаевамен жалғастырдық.
— Статистикаға сүйенсек, балалар мен жасөспірімдердің 81%-ы қызыл иегі проблемасы бар, бұл алаңдатарлық жағдай, басқаша айтқанда 10 баланың 8-інің қызыл иегі сау емес. Енді осы жағдайға әкелген фактілерге тоқталсақ, ол алдымен тамақтанумен байланысты. Бұрын тәтті жеу сирек жайт еді, қазір шоколад, кәмпит басқа да тәттілердің түр-түрі бар және қолжетімді. Екінші себеп, қазір газдалған сусындар көп, газдалған сусын эмальдың жауы, ауыз қуысына залалды. Тағы бір жайт, оқушылар сабақтың арасында жеңіл әлденуі, иә, мектепте тамақтану жүйесі бар, дегенмен үзілісте балалар буфетке, мектеп жанындағы дүкендерге жүгіре жөнеледі, ол жерден қалаған нәрсені алып жиді. Келесі мәселе, гаджет, оның тіске қандай қатысы бар? Біріншіден, ұялы телефонға үнемі үңілу көзді құртады, екіншіден гаджет қарағанда адам иіліп отырады. Ол омыртқаның қисаюына алып келеді, өз кезегінде тіс түйісуіне әсер етеді. Көбісі айтады, тіс түйісуі туа бітеді деп, бірақ омыртқаның түзу болуы тіс түйісуінде рөлі маңызды. Тағы бір факті ата-аналар жұмыс басты, үнемі баланың жанында болмайды, ал тіс мазалағанда кейінге қалдырмау қажет, - деді Сәуле Есембаева.
Маман мәлімдегендей, жоғарыда айтылған жайттарды ескере келе, Денсаулық сақтау министрлігі балалардың тісін сақтау мақсатында профилактикалық іс-шара қамтылған бұйрық шығарды.
— Жол картасы Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп әзірленді. Оның аясында өтетін іс-шаралар балалар мен жасөспірімдер арасында тіс ауруларының алдын алуға бағытталған. Әлемде 3,5 млрд адам түрлі тіс ауруына шалдықса, соның ішінде 2,5 млрд адам қызыл иегі зардабын тартады. Биыл 20 наурыз халықаралық ауыз қуысы денсаулығы күні аясында барлық өңірде денсаулық сақтау басқармасы, медициналық оқу орындарының ұйытқы болуымен бірқатар іс-шара өтеді. Соның бірі сауда, ойын-сауық орталықтарында ауыз қуысы, тіс күтімі қағидалары жазылған жадынама таратылады, одан бөлек мамандар қуыршақтың көмегімен тіс тазалау, тіс күтімі ережелерін көрсетіп, түсіндіреді, - дейді стоматолог.
Осылайша 18 наурыздан бастап еліміздің барлық аймағында стоматологиялық аурулардың алдын алу бойынша кең ауқымды профилактикалық іс-шаралар басталды. Сонымен қатар бастауыш және орта буын сынып оқушыларына ауыз қуысы гигиенасы сабақтары өткізілуде. Бұл жұмыс Алматы, Атырау, Қарағанды, Жетісу облысы және Алматы, Орал қаласында мектеп стоматологиялық кабинеттерінде тіс дәрігерлерінің қатысуымен өтіп жатыр.
Еске салсақ, осыдан 10 жыл бұрын шетелдік PLoS One баспасөз бетінде жарияланған зерттеу нәтижесіне сәйкес, сағыз 10 минут ішінде ауыз қуысындағы 100 миллионға жуық бактерияны жоя алады.