Ауыз сумен қамтамасыз ету жобаларына өңірдің бірінші басшылары тікелей жауап береді - Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылы топтық су құбырлары бірыңғай кешендер ретінде әкімдіктердің балансына берілмек. Мұндай тапсырманы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов берді.

- Өңір әкімдіктері жыл соңына дейін ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша қолданыстағы барлық жобаларды іске қосуды қамтамасыз етсін. Бұған өңірлердің бірінші басшылары тікелей жауап береді. Қаржы министрлігі бекітілген қаражатты жергілікті атқарушы органдарға жедел тәртіппен аударуы қажет, - деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар ол Өнеркәсіп министрлігі желілерді жаңғырту кезінде қолданыстағы кәріз тазарту құрылыстарының өнімділігін ұлғайтуға және ағынды суларды тазарту сапасын арттыруға баса назар аударуы керектігін айтты. Осы орайда ведомствоға әкімдіктермен бірлесіп, 1 қыркүйекке қарай энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртудың ұлттық жобасын іске асыру жөніндегі инвестициялық бағдарламаларды әзірлеуді тапсырды.
- Су ресурстары министрлігі осы жылдың соңына дейін топтық су құбырларын салу және жаңғырту жобаларын аяқтауды қамтамасыз етсін. Қаржы министрлігімен бірлесіп, 2026 жылы топтық су құбырларын бірыңғай кешендер ретінде әкімдіктердің балансына беруді қамтамасыз етсін. Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мүлікті республикалық меншіктен коммуналдық меншікке беру мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізсін, - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр Су ресурстары министрлігі Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп, су объектілерінің цифрлық паспорттары мен интеллектуалдық су кадастрын енгізу мәселесін пысықтауға тиістігін баса айтты.
- Ұлттық экономика министрлігі Қаржы министрлігімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, Ұлттық жоба аясында көзделген инвестициялық жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз етсін, - деді ол.
Бұған дейін Олжас Бектенов іске асырылу мерзімі созылып кеткен таза ауыз су жобаларын атаған еді.