Ауладағы қарды көшеге уақтылы шығару қажет - ТЖД

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорданың Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардан қар көшеге уақытылы шығаруды сұрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауладағы қарды көшеге уақтылы шығару қажет - ТЖД

«Бүгінде қала аумағынан 3,6 млн текше метрден астам қар шығарылды. Сондай-ақ, 40 362 арық желілері тазартылды, 3 825 метр құбыр буландырылды. 19 қаңтардан бастап бүгінгі күнге дейін біздің департамент қызметкерлері қарды тұрғын үй аумағынан көшеге уақтылы шығару қажеттігі туралы көпшілікті хабардар етіп жатыр. Қызметкерлер жеке тұрғын үй секторларын аралап, ақпараттандыруды жалғастырып жүр», - деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дастан Алдабеков қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде.

ТЖД басшысының орынбасары келтірген мәліметке сәйкес, қарды қала аумағынан уақтылы шығаруға қатысты 56 рейд ұйымдастырылып, 1 611 дана ақпараттық материал таратылды.

Сондай-ақ, брифинг барысында елордада 21 учаскені су басу қаупі бары айтылды. Мамандардың айтуынша, су тасқынының алдын алу жұмыстары жүріп жатыр.