Аумақтық қорғаныс әскері қазақстандықтарды кімнен қорғайды – заң жобасы

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілісте Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аумақтық қорғаныс бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы пысықталып жатыр. Ол құжат Кәсіпкерлік кодексті, Ұлттық қауіпсіздік органдары туралы, Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы, Төтенше жағдайлар туралы, Қорғаныс және Қарулы Күштер туралы, Ішкі істер туралы заңдар мен нормаларды Аумақтық қорғаныс туралы негізгі заң жобасына сәйкестендіруді көздейді. Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, депутат Ерболат Саурықов Kazinform тілшісіне осы құжат туралы сұхбат берді.

әскер, шекара
Коллаж: Kazinform

- Аумақтық қорғаныс дегеннің кәдімгі армиядан айырмашылығы не? Әңгімені осыдан бастайықшы...

- Аумақтық қорғаныс деген – бүкіл әлемде бар тәжірибе. Қазір әлемде, әсіресе Еуразия құрлығының әр тұсында түрлі әскери қақтығыстар жүріп жатқанын, кейбір елдер арасында сыртқы саясатқа байланысты күрделі мәселелер ушығып жатқанын көріп отырсыздар. Осындай оқиғалар белең алып тұрған кезеңде аумақтық қорғаныстың маңызы өте зор деп есептеледі.

Жалпы, аумақтық қорғанысты қарапайым тілмен айтсақ, бұл – бейбіт уақытта Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен бөлімшелері құқығында жұмыс істейтін, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың территориясынан құрылған бөлімшелер. Қазір біздің бүкіл аумағымызда 20-ға тарта аумақтық қорғаныс бөлімшесі орналасқан. Барлық облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында бейбіт уақытта қысқартылған құрамда жұмыс істейтін бригадалар бар. Ал елде төтенше немесе соғыс режимі енгізілген жағдайда бұл бригадалардың құрамы резервтегі сандармен ұлғайтылады. Мобилизация дейді ғой, жұмылдыру кезінде аумақтық қорғаныс әскеріне Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас штабы басшылық етеді. Мұндай кезде Бас штабтың аумақтық қорғаныс әскерінің департаментіне ерекше жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан аумақтық әскердің қазіргі штаттық режимде жұмыс істеп тұрған Қорғаныс министрлігіне тікелей қарасты әскерден басты айырмашылығы осында. Демек, бейбіт өмірде өздерінің тәжірибелерін, практикаларын, қорғаныс тактикаларын, оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп отыратын, тек елге бір қауіп төнген кезде ғана, диверсиялық немесе төтенше жағдайлар болған кезде, болмаса террористік басқыншылар елге қауіп төндірген кезде облысты, қалаларды негізгі әскер кіргенге дейін ұстап тұратын, бірінші болып қимыл жасайтын, ең маңызды нысандарды қорғайтын, қорғаныс объектілері мен халықты қорғайтын әскерилердің жиынтығын аумақтық қорғаныс әскері деп атайды.

Аумақтық қорғаныс жоспарында айқындалған әскери және мемлекеттік маңызды объектілер бар. Солар мен өзге де нысандарды күзетуге міндеттеледі. Мемлекеттік шекараны күзету, шекара қорғанысын күшейту операцияларына қатыса алады. Сондай-ақ, тыныштық бұзылғанда, соғыс бола қалған жағдайда эвакуацияланатын тұрғындардың қауіпсіздігін сақтайды. Сол кезде жиналған жүкті немесе алғы шепке жіберілетін жүктерді күзетіп, тасымалдауға атсалысады. Аумақтық әскердің жоспары бойынша шеп те құра алады. Республика аумағына десанттық, диверсиялық барлау немесе террористік топтар кіретін болса, соларға қарсы күреседі. Негізгі әскер келген кезге дейін майдан аймағында алғашқы тойтарыс беретін әскер болуы керек.

- Аумақтық қорғаныс әскері кімдерден жасақталады? Оның құрамындағы азаматтар мобилизациядан бас тарта ала ма? Мұндай мобилизациядан кімдер автоматты түрде босатылады?

- Мобилизация болған жағдайда немесе соғыс қаупі төне қалған жағдайда аумақтық қорғаныс әскері алғы шепте болу керек. Ал оның құрамы жергілікті орындардағы ішкі істер басқармасы, төтенше жағдайлар департаменті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент, прокуратура сияқты құқық қорғау мекемелерінің, сондай-ақ әскерден зейнетке шыққан, отставкаға кеткен, құқық қорғау органдарында ұзақ жыл қызмет еткен, осы саланы жетік білетін азаматтардан жасақталады. Одан бөлек еріктілер бар. Әскерге барып келген, қазір мемлекеттік қызметте, бизнесте, басқа да салада жұмыс істеп жүрген азаматтар өз еркімен аумақтық қорғаныс әскеріне кіре алады. Соғыс жағдайында аумақтық қорғаныс әскері қатарына алынған адамның ешбірі мобилизациядан бас тарта алмайды. Ол енді дұрыс емес. Қазақстанда туып-өскеннен кейін сырттан және іштен қауіп төне қалғанда кез келген қазақтың азаматы алғы шепте болуға, елін, жерін қорғауға міндетті. Бас тарту деген, менің ойымша, дұрыс емес. Соғыс жағдайда ондай ешкімнің құқығы болмау керек негізі.

- Аумақтық қорғанысқа ерікті ретінде кімдер тартылады? Шетелдіктер ерікті ретінде аумақтық қорғаныс әскерінің құрамына кіре ала ма?

- Қазақстан азаматтығы жоқ, шетелдіктердің аумақтық қорғаныс әскерінің қатарына шақырылғаны дұрыс емес деп есептеймін. Өйткені, Қазақстан азаматтары мобилизация немесе соғыс жағдайы кезеңінде аумақтық қорғаныс міндеттерін атқаруға тартылады. Аумақтық қорғаныс туралы заң жобасының 12-бабында Қазақстан азаматтарының міндеттері мен құқығына арналған тармақ бар. Осы тармақта тек қана мобилизация кезінде немесе соғыс жағдайында аумақтық қорғаныс іс-шараларына тартылатындардың негіздемесі берілген. «Қазақстан Республикасының азаматтары жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында ҚР аумақтық қорғанысын дайындау мен жүргізу қағидаларында айқындалатын тәртіппен өзін-өзі қорғау құрылымына кіру арқылы аумақтық қорғаныс іс-шараларына ерікті түрде қатысуға құқылы», - дейді. Шетелдік деген сөз жоқ, байқасаңыз. Бұл жерде сіздің сұрағыңызға толық жауап бар.

- Аумақтық қорғаныс әскерін кім қандай көзден қаржыландырады? Ерікті жасақтарға соғыс жағдайында ғана айлық төлене ме? Олар Қорғаныс министрлігінің Қарулы Күштері құрамындағы әскерлермен бірдей айлық ала ма?

- Аумақтық қорғанысты материалдық қамтамасыз ету екі жағдайда іске асады. Бірі – орталықтан, екіншісі – жергілікті атқарушы органдар. Сондай-ақ, меншік нысанына қарамастан ұйымдар да ұйымдастыра алады. Демек, жергілікті бюджет есебінен де, республикалық бюджет есебінен де қаржыландырылады. Аумақтық қорғаныс әскерінің міндетін, мақсатын, материалдық қамтамасыз етілуін нақтылайтын заң Мәжілісте жатыр. Айлық төлеу, оның мөлшері сияқты мәселелер сол жерде нақтыланады.

Аумақтық қорғаныс заңы қазір ҚР Қорғаныс туралы заңының ішіндегі бір пункт ретінде ғана күшіне енген. Сондықтан аумақтық қорғаныспен байланысты бөлек заң дайындалды. Ол қазір Мәжілісте. Осы заң өзгертіліп, толықтырылып Сенат арқылы Жарлыққа кетеді. Қазір заңға көптеген толықтырулар мен түзетулер енгізіліп жатыр. Қорғаныс министрлігі өз жобасын ұсынды. Депутаттар мен сарапшылар соны жетілдіретін ұсыныстар беріп жатыр. Осы ұсыныстардың негізінде Қорғаныс министрлігі ұсынған заң жобасы 50 немесе 30 пайыз өзгеруі мүмкін. Демек, бұл сауалыңыздың айлықпен байланысты тұсына қазір жауап беруге ерте.

Жаңағы айтқан жалғыз тармақта аумақтық әскердің бөліміне сатып алынатын мүлікті, қару-жарақты сақтайтын қойма, үй-жай болмаған жағдайда жергілікті әкімдік ұйымдастыру керек. Қызметтік ғимаратты да, қажетті құрылысты да жергілікті әкімдіктер қолында бар қордың немесе күрделі құрылыстардың есебінен ұсынуға міндетті.

Ерболат Саурықов
Фото: ҚР Парламенті Мәжілісі

Аумақтық қорғаныс әскері кімнің пәрменіне бағынады? Әскери атақтар иерархиясы (қатардағы жауынгерден бастап армия генералына дейін) Қарулы Күштердегі иерархиялармен бірдей бола ма?

- Аумақтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орган Қорғаныс министрлігі екені заңда нақты жазылған.

- Аумақтық қорғаныс туралы заңды іске асыру сала бюджетіне қосымша қанша ақша бөлуді қажет етеді?

- Бұл сұраққа ешкім нақты жауап бере алмайды. Өйткені, Мәжілісте жатқан заң жобасын аяғына дейін пысықтап, Сенаттан әрі Президент Жарлығына дейін жеткізу қажет. Осы пысықтау кезінде қаржы талап ететін ұсыныстар енсе, Үкімет қорытынды беруі керек болады. Үкіметтің қорытындысынан кейін ғана бұл мәселе анықталады. Қосымша қаржы бөлінетіні анық. Өйткені, қазір жергілікті орындардағы аумақтық қорғаныс өте әлсіз. Мәжілістегі заң күшіне енгеннен кейін осы заңның талаптарын орындау үшін барлық облыстардан, Астана, Алматы Шымкент қалаларынан қорғаныс әскері құрылады. Осыдан кейін оларды қаржыландыру жүйесі айқындалады. Ол әскердің жаттығу жұмыстарына, сақтау, ұстау, біліктілігін арттыру, азық-түлігі мен, дәрі-дәрмегін, қару-жарағы мен құрал-жабдықтарын сақтайтын қойма ұйымдастыруға қосымша қаржы қажет етілуі мүмкін. Менің ойымша, заң күшіне енгеннен кейін 2024-2026 жылдарға арналған бюджетті қайтадан қарау керек болады.

- Заңды іске асыру өңірлерде қосымша әскери бөлімдерді, гарнизондарды, қосымша штат санын қалыптастыруды қажет ете ме? Қажет етсе, қазіргі жеке құрамға қосымша қанша әскер пайда болады?

- Бүгінде біздің әскердің негізгі құрамы 35 мыңның төңірегінде деп айтылады. Оның сыртында соңғы кезде әскерге алу белсенді жүріп жатыр. Жастардың арасынан әскерге сұранатын еріктілер де көбейіп келеді. Әскеріміздің материалдық-техникалық базасын нығайтуға өте қомақты қаражат бөліне бастады. Әскер қатарында жүріп өзін жақсы көрсеткен балаларға жоғары оқу грантын тағайындау мәселесі қарастырылып отыр. Оның бәрі әскерге баруға деген құлшынысты айтарлықтай күшейтті.

Аумақтық қорғаныс туралы заң күшіне енгеннен кейін қосымша штат саны ашуды қажет етуі мүмкін. Өйткені әрбір облыстың көлемінде аумақтық әскерді басқаратын облыс немесе қала әкімінің жеке орынбасары болу керек деп есептеймін. Төтенше жағдайлар, ішкі істер департаменттерінде, жалпы құқық қорғау органдарында жұмыс істеп жүргендер, Қарулы күштер қатарында болған, зейнеттегі, отставкаға шыққан әскерилер бар. Аумақтық әскер осылардың басын қосып құрылатынын айттым. Осылардың негізінен штат саны өсуі мүмкін. Бірақ ол әскер Қарулы Күштердің жеке құрамы сияқты күндіз-түні жұмыста болмайды. Оларға арнап әскери гарнизондар, үлкен-үлкен қорғаныс нысандары қаптап салынбайды. Олай істеудің қажеті де жоқ. Тыныш заманда күнделікті жаттығумен, материалдық резервті нығайтумен және еріктілерді аумақтық әскер қатарына шақырып, біліктілігін көтерумен ғана шектеледі. Сондықтан соншалықты көп штат қосылып, мыңдаған әскер, жүздеген гарнизон пайда болмайды.

- Аумақтық қорғаныс туралы заң жобасында объектілерді күзету деген тіркес өте көп кездеседі. Бұл Қаңтар оқиғасы сияқты жағдайлар қайталанса, ел ішіндегі тыныштықты қамтамасыз етуге Қарулы күштердің жеке құрамы емес, аумақтық қорғаныс бөлімшелері тартылады деген сөз емес пе?

- Елдің ішкі тыныштығы қай уақытта бұзылады? Террорлық шабуыл болған жағдайда... Басқа бір ел біздің елде төңкеріс жасау үшін немесе соғыс шығару үшін маңызды нысандарға шабуыл ұйымдастыруы мүмкін. Ондай нысандарға қарапайым халық ешқашан шабуыл жасамайды. Өйткені, ол нысандар сол қарапайым халықты қорғауға, тыныштығын сақтауға арналған. Демек, ондай нысандарға мемлекеттік төңкеріс жасауға, мемлекетті басып алуға, болмаса арнайы соғыс ашу үшін жинақталған сыртқы күштер мен олардың ішпен байланысқан әрекеті қауіп төндіруі мүмкін. Біздің әскер көбіне негізгі қалалардан алыста, жасырын орналасқан. Солар жеткенше алғашқы қорғанысты осы аумақтық қорғаныс әскері қамтамасыз етеді. Негізгі міндеті – соғыс қаупі туындаған жағдайда негізгі әскер жеткенше маңызды нысандарды күзетіп ұстап тұру, халықты қорғау.

- Президент Аумақтық қорғаныс әскерін жұмылдыру пәрменіне қандай жағдайларда бастамашылық ете алады? Тек сырттан агрессия болған кезде ме, әлде ішкі дүрбелең кездерінде де мобилизация жариялай ала ма?

- Ішкі дүрбелеңнің өзі белгілі бір саяси мәселелерге байланысты болады. Мысалы, сырттан ешқандай агрессия болмай, тек іштегі халық көтерілетін болса, ереуілдің мақсаты мен себебі, ұйымдастырушылары айқындалады. Олардың ұстанымдарын жасап отырған сыртқы күш пе, әлде ішкі күш пе? Іштегі күшті жасырын түрде қозғап отырған сыртқы күштер болуы мүмкін. Осының бәрі анықталады. Содан кейін барып қана аумақтық қорғаныс әскерін қолдану туралы пәрмен жасалады. Сондықтан бұл жерде сыртқы диверсиялық күш пен ішкі дүрбелең деп бөлудің қажеті жоқ. Мысалы, Жамбыл облысының халқына, қарапайым тұрғындарына, маңызды объектілеріне іштегі халық шабуыл жасаса, аумақтық қорғаныс әскері міндетті түрде іске қосылу керек деп ойлаймын. Бұл – менің жеке пікірім. Өйткені, мемлекеттік және әскери маңызы бар нысандар, бәрі халықтың игілігі үшін жасақталған. Оларға іштен де, сырттан қауіп төне қалған жағдайда аумақтық қорғаныс әскері қорғаныс шараларын жасауға міндетті деп есептеймін.

- Аумақтық қорғаныс сарбазы әскери іс-қимыл немесе оқу-жаттығу жиыны кезінде жарақаттанса, қайтыс болса, Қарулы Күштердің жеке құрамына көзделген өтемақылар мен көмектің бәрін ала ма?

- Бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Қазіргі өтемақылар Қарулы Күштер қатарында қызмет бабымен немесе келісімшарт негізінде жүрген, әскери міндеті атқарып жатқан адамдарға арналған. Ал аумақтық қорғаныс туралы заң әлі талқыланып жатыр. Қазіргі қолданыстағы заңда ондай мәселе жоқ.

- Аумақтық қорғаныс әскерін жекелеген әкімдер өз мақсатына, диверсиялық немесе сепаратистік мақсатқа пайдаланып кетпейтініне қандай кепілдік бар?

- Облыстың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімі Президент Қаулысымен бекітіледі, яғни ол азаматтар алдын ала тексеруден өтеді. Ол азаматтардың қызмет жолындағы барлық кезеңдері талқыланады. Ұсыныс берген кезде бастан-аяқ түгел тексереді деп айтуға болады. Осыған сүйеніп, аумақтық әскерді жеке адамдар өз мүддесіне пайдаланып кете алмайды деп жауап берер едім. Өйткені, белгілі бір аймақта соғыс жағдайы туындаған кезде ондағы негізгі комендант болып аумақтық қорғаныс бас штабының басшысы тағайындалады, яғни облыстың, қаланың әкімі немесе орынбасары болуы мүмкін. Оның өзі, міндетті түрде Қорғаныс министрлігінің келісімімен жасалатын дүние. Сондықтан бұлай қауіптенудің реті жоқ.

- Жеке меншіктің мүлігі мен мемлекеттік мекемелердің базасындағы кез келген активті аумақтық қорғаныс мақсатына пайдалануға рұқсат етіле ме? Беруден бас тартқан актив иесі қандай жазаға тартылады?

- Жеке азаматтың мүлкін болмаса мемлекеттің балансындағы кез келген затты жұмылдыру кезінде Аумақтық әскер мен Қарулы күштер пайдалануға толық хақылы. Мобилизация кезінде, соғыс жағдайында аумақтық қорғаныстың мұқтажына қажет болған жер учаскелерін, ғимараттарын, құрылыс жайларын, көлік құралдарын, басқа да меншіктегі мүліктерді кез келген Қазақстан азаматы беруге міндетті. Ал бермесе, міндетті түрде жауапқа тартылады. Қандай жауапқа тартылатыны заң талқыланып біткенде ғана белгілі болады.

- Аумақтық қорғаныс әскері бүкіл облыстарда, әр ауданда құрыла ма? Әлде шекарадағы облыстардың аудандарында құрыла ма?

- Менің ойымша, әр ауданда құрылмайды. Негізінен облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында болады. Ал еріктілер ретінде, әскери құралымның мүшелері ретінде адамдар аудандардан да шақыртылады, алынады. Әр ауданда гарнизонын, штабын, қоймасын ұстау міндетті емес деп ойлаймын. Ал облыс шекаралық аймақта болса, белгілі бір аудандарда мобилизациялық қоймалар мен жасақтар жасақталуы мүмкін. Менің жеке пікірімше, 20 өңірде аумақтық қорғаныс штабы құрылады. Ал аудандарда өкілдіктері немесе филиалы сияқты құралымдар болу керек шығар деп ойлаймын.

- Елімізде Солтүстік өңірлік қолбасшылығы жоқ екенін сарапшылар көп сынайды. Аумақтық қорғаныс заңы осы кемшіліктің орнын толтырады алады деп ойлайсыз ба?

- Жақында Қазақстанның солтүстігінде болып қайттым. Қазір Солтүстік Қазақстан облысының өзінде ғана 15-ке жуық шекаралық застава салынып жатыр. Кейбірінің жұмысы аяқталып қалды. Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында да осындай әскери заставалардың инфрақұрылымы, базалары түгел жасақталып біткеннен кейін Солтүстік өңірлік қолбасшылығын құру керек деп ойлаймын. Ал аумақтық қорғаныс өңірлік қолбасшылықтың орнын толтыра алмайды.

Соңғы жаңалықтар