Ауру жасарып барады: Өскеменде дәрігерлер инсульт алған 19 жастағы қызды аман алып қалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облыстық арнайы медициналық орталық дәрігерлері инсульт алған 19 жастағы қызға сәтті тромбоэкстракция жасап, ажалдан арашалап қалды.

Қызды ауруханаға жедел жәрдем жеткізген. Пациенттен бас айналу, құсу, аяқ-қолы әлсіреу, бет бұлшықеттерінің асимметриясы және сөйлеу қабілетінің бұзылуы белгілері байқалды. Тексеру кезінде сол жақ ортаңғы ми артериясының бітелуі (окклюзия) анықталды.
Науқасқа тромбоэкстракция жасалды. Бұл артерия ішіндегі тромбты алып тастау арқылы қан айналымын қалпына келтіретін, ишемиялық инсульттің ауыр салдарын болдырмауға мүмкіндік беретін процедура.
— Дәрігерлердің жедел әрекеттері мен заманауи құрал-жабдықтың арқасында бірнеше сағат ішінде науқастың жағдайы оңала бастады. Қазір қыз өзін жақсы сезінеді, жағдайы қанағаттанарлық. Ол инсульт бөлімінен үйіне шығарылды, — деп хабарлады ШҚО арнайы медициналық орталықтан.
Дәрігерлердің айтуынша, 40 жасқа дейін инсульт алатындар аз. Ал 20 жасқа дейінгілер арасында мүлде сирек кездеседі.
Еске салсақ, осыған дейін жасөспірімдер арасында витилиго ауруы көбейгені жайлы жазғанбыз.