Ауруханада жатып сынықшы шақыратындар бар — травматолог
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Адамдар белі шойылып, аяғын баса алмай қалған күндері остеопат жағалап, дертіне дауа іздейді. Ал олардың арасында ұрып-соғып, қисайғанды түзеймін деп, сүйегін сындырып жіберетіндер кездеседі. № 1 Ақтөбе қалалық ауруханасының травматолог дәрігері Бексұлтан Шертай заманға сай кәсіби мамандарға қаралып, сенім артуға кеңес береді.
— Адамдар остеопатқа барып, құрысып тұрған денесін жазып алғысы келіп отырады және сол адамдарға барады. Біз әлеуметтік желіден аямай ұрып, майысқанын орнына қойып жатқан жарнаманы да жиі көреміз. Медицинада оның зияны бар ма? Остеопаттар сіздерге келетін пациент санын көбейтіп жатқан жоқ па?
— Адамдар остеопатқа қаралып, арада біршама уақыт өткен соң ауруханаға жиі келеді. Науқастар рентгенге түседі, қазақы наным-сенімге басымдық беріп, сынықшыға, остеопатқа қаралады. Әсіресе ересек адамдар сенгіш келеді. Жазылмайды, ауруын асқындырып келеді. № 1 қалалық ауруханасында травматология, сонымен бірге политравма бөлімшесіне келетін науқастардың көбі солар. Жарақат алады, сынықшы, остеопатқа барады, асқындырады. Ауруы асқынғаны соншалық, мүгедек те болып қалады. Бұрын түсінер едік, қазіргі кезде медицина дамыған, ал адамдар әлі өзгеге сенеді. Ол дұрыс емес. Қарапайым мысал. Биыл көктемде спортшы қыз түсті. Шат аймағы созылып кетіп, остеопатқа барған. Олар жамбасына массаж жасап, сүйегін қозғап, қытырлатып, сындырып жіберген. Жамбас буынында шеміршек болады, соны ажыратқан. Бұл — симфиз. Науқас келіп, ем алды. Сонымен бірге қыста 50 жастан асқан адамдар құлаған кезде білезік буыны сынады. Сол кезде сынықшыға барып, бір ай жүреді. Ісігі кетпей, ауырып, екінші рет сынып, жалған буын пайда болады. Оларға ұзақ уақыт емделуге тура келеді. Остеопатқа барып, жазылдым деген адамнан зардап шеккендері өте көп.
— Аяғын баса алмай барып, ауырсынуы жеңілдеген жағдайды көрсетіп жатады. Сонда бұл не?
— Сколиоз, кифоз, лордоз яғни омыртқасы қисайған адамдар остеопатқа барып, олар өздерінің балғашықтарымен ұрып, тартып, емдеп жатады. Бұл дұрыс емес. Өйткені омыртқа арасында диск зақымданып, асқындырып жібереді. Политравма бөлімшесінде нейрохирургтермен бірге жұмыс істейміз. Әріптестеріміз остеопатқа барып, одан сайын асқындырып алғандар жиі келетінін айтады. Тіпті жүре алмай қалады. Омыртқада жүйке жүйесі өтеді. Тармақтары қысылып қалып, қиналады. Ал остеопат сол сәтте ауруды сәл басады, арада біршама уақыт өткенде дерті одан сайын асқынады. Одан гөрі массаж жасатқан дұрыс. Мамандар білікті, білімді. Әсіресе балаларды остеопатқа емес, массаж шеберлеріне апарған жөн. Оған қарсы емеспіз.
— Остеопатқа барған адамның дерті қай кезде қайта үдейді?
— Әр аурудың өз этиологиясы бар. Жасы ұлғайғанда остеохондроз, жарық, протрузия шығады. Осы дертке шалдыққан адамдар остеопат алдына барғанда ұрып-соғып, емдейді. Бұл уақытша. Сөйтіп науқастар нейрохирургке барады. 2 күнде, кейде 1 айдан кейін келгенде асқындырып алғанын біледі. Адам одан мүлде жазылып кетпейді. Егер ота қажет болса жасатқан дұрыс. Кейбірі 20-30 минутқа созылады. Нәтижесінде науқас ауырдым деп қайта келмейді. Бұл нейрохирургтер жасайтын ота. Ал травматологтар қол, аяқ сынғанда металл, пластина салады. Арада 6 ай, 1 жыл өткенде оны алып, қажетті кеңесін береді. Мұндайда шағым болмайды. Өйткені сүйек орнына түседі, жарық бітіп кетеді, өз қызметін әрі қарай толық атқарады.

— Бұл сынықта қолданылатын әдіс. Ал денесі құрысып, ауырып жүрген адамдар қалай емделеді? Қазір бұл жиі кездеседі десек те болады…
— Электрофорез алып, дәрумен қабылдауға болады. Сонымен бірге оңалту орталықтарына барған дұрыс. Жылына бірнеше рет барып, арнайы бағдарламаларын қабылдайды. Қажет болса омыртқаларын тартып, арасын ашады. Бұл остеопаттардың емес, нейрохирургтердің жұмысы.
— Жол-көлік апатына түсіп, құлап аяқ-қолын сындырған адамдар травматологтың да, сынықшының да емін қатар алатын жағдай бола ма?
— Бар. Тіпті ауруханада жатып сынықшы шақырады кейбірі. Көбі үлкен кісілер. Біз оған қарсымыз. Нақты нәтижені көріп, түсіндірген соң сынықшыға емес, дәрігерге келгеніне риза болады.
— Алдымен травматологқа, кейін сынықшыға барып, қайта оралатындар бар ма?
— Ондай да бар. Бірақ жастар емес, үлкен кісілер солай жасайды. Науқас құлап, сол сәтте келсе, дұрыс. Ол алдымен сынықшыға барып, уақыт өткізеді.
— Жұмыстың үстіне жұмыс тауып беріп тұр ма?
— Иә, солай. Тартамын деп шығарып алып, саламын деп сындырады.
— Енді не істеуге болады?
— Халық боп түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Оны өз басынан өткерген, зардап шеккен, ауруханаға жатқан соң емделіп шыққан адамдар айтуы қажет.
— Мойындайтындар бар ма?
— Сынықшы мен остеопат емес, науқастар мойындайды. Ауруханаға күз, қыс, көктемде жол-көлік апатына тап болғандар өте көп түседі. Жаңбырда, көктайғақта, қар ерігенде жиілейді. Жастар кәмелетке толғаннан жүргізуші куәлігін алып, апатқа түсіп жатады. Ал жазда тұрмыстық жарақат көп болады. Ол кезде жөндеу жұмыстары жүріп, шатырдан құлайды, қолына шеге кіреді, арамен кесіп алады. Сонымен бірге футболшылар, боксшылар, балуандар да түседі. Олар мезгіл таңдамайды. Бірақ аз да болса кездеседі.