Ауруханаларда орын тапшылығы бар ма
АСТАНА.KAZINFORM – Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов ауруханаларда орын тапшылығына қатысты түсінік берді.
- Перзентханаларда ондай проблема жоқ. Бірақ балаларды емдейтін инфекциялық ауруханаларда орын тапшылығы болып жатады, яғни тұмау немесе басқа аурулардың маусымдық таралуы кезінде байқалады. Перзентханаларда ана мен баланы дәлізге шығару деген болмайды, - деді Ербол Оспанов.
Сонымен қатар вице-министрге «демалыс күндері кейбір перзентханаларда тек ақылы бөлімге кіру керек деген ереже қалыптасқаны» жайында сұрақ қойылды.
- Бұл жағдай нақты бір мекемедегі жекелей бір басшылардың нұсқауы болуы мүмкін. Жалпы, сенбі-жексенбі қабылдамасын деген регламент жоқ. Егер осындай деректер анықталса, оны министрлік құрамындағы жауапты комитет қарастырады, - деді ол.
Бұдан бөлек Е. Оспанов қазір өңірдегі инфрақұрылымға ерекше назар аударылып отырғанын айтты.
- Біріншіден, ауылдағы медицина бойынша Мемлекет басшысы нақты тапсырманы берді. Бұл бағытта біраз нысан тапсырылып жатыр. Аудандық ауруханаларды жаңарту, жөндеу жұмыстары да ерекше бақылауда, - деді вице-министр.
Еске салсақ, жақында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова соңғы бес жылда перинаталды орталықтар салу мәселесі қолға алынғанын айтты.