Australian Open-2023: жартылай финалға шыққан теннисшілер анықталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Аустралия ашық чемпионатында әйелдер арасында жартылай финалға шыққан теннисшілер толықтай анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үлкен дулыға» турнирі барысында әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек қазақстандық Елена Рыбакинадан жеңіліп қалғанымен, оның отандасы, рейтингте 45-орында тұрған Магда Линетт сәтті өнер көрсетуде.

М.Линетт ширек финалда кезінде дүниежүзілік рейтингте көш бастаған тәжірибелі теннисші, әлемнің 31-ракеткасы, чехиялық Каролина Плишкованы жолдан тайдырды – 6:3, 7:5.

Бүгін екінші ширек финалдық кездесуде әлемнің 5-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко рейтингте 64-сатыдағы хорватиялық Донна Векичті тізе бүктірді – 6:3, 6:2.

Сөйтіп А.Соболенко да алғаш рет Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына жолдама алды. Ол финалға шығу үшін М.Линетпен таласады. Бұл бәсекенің фавориті Арина екендігі анық.

Екінші жартылай финалда қазақстандық Елена Рыбакина мен Беларусь елінің тағы бір өкілі, Australian Open жарысының екі мәрте жеңімпазы Виктория Азаренко ойнайды.

Екі матч та 26 қаңтар күні Астана уақытымен сағат 14.30-да басталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның алғаш рет жартылай финалға шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ Елена Рыбакина қазақстандық теннисшілерден алғаш рет ТОП-10-ға енуге жақын тұр.

Елена Рыбакина 669 мың доллар табыс тапты.

Елена Рыбакинаның жартылай финалдағы қарсыласы анықталды.

Қазақстандық теннисшілер халықаралық турнирлерді жеңіспен бастады.



Фото:Getty Images



Соңғы жаңалықтар