Australian Open: Анна Данилина финалда есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші Анна Данилина жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының финалында өнер көрсетті.
Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге чемпионаттың жетінші ракеткасы болса, қарсыластары, бельгиялық Элизе Мертенс – қытайлық Чжан Шуай төртінші жұп ретінде тіркелген еді.
Қазақстандық-сербиялық жұп матчты қарқынды бастады – 3:0, 4:1. Алайда тәжірибелі бельгиялық-қытайлық дуэт таразы басын теңестірді – 4:4. Сосын тай-брейкте сәтті ойнай білді – 7:6 (7:4).
Екінші сетте Мертенс – Шуай 5:0 есебімен алға кетті. Бұдан кейін Данилина – Крунич есепті 4:5-ке дейін қысқартқанымен, одан әріге шамасы жетпеді – 4:6.
Бір сағат 49 минутқа созылған бәсекеде Данилина – Крунич 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Мертенс – Шуай 2 эйс, 6 брейкпен (11 брейк-пойнт) ерекшеленді. Осылайша, қазақстандық теннисші өзінің спорттық жолында Аустралия ашық чемпионатының финалында екінші рет жеңіліп қалды.
Бұдан төрт жыл бұрын А.Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге финалда жеңіліп қалған еді. Дегенмен А.Данилинаның финалға дейін жетуін үлкен табыс деп бағалауға болады. Ол 325 788 долларға қоса 1 300 рейтингілік ұпайға ие болды.
Бүгін жекелей сында Елена Рыбакина әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен чемпиондық атаққа таласады. Бұл кездесу Қазақстан уақытымен сағат 13.30-ға белгіленген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының Аустралия чемпионатында алғаш рет жартылай финалға шыққанын жазған едік.
Новак Джокович Аустралия чемпионатының ең жасы үлкен финалисі атанды.