Australian Open: Беларусь теннисшісі екінші жыл қатарынан чемпион атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Аустралия ашық чемпионатында жекелей сында әйелдер арасында жеңімпаз анықталды.

Финалда әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко дүниежүзілік рейтингіде 15-орында тұрған қытайлық Чжэн Циньвэньмен бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші партияда белоруссиялық теннисші 6:3 есебімен басым түсті.
Екінші сетте матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:2.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында ол 3 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Қарсыласы 6 эйспен ғана көзге түсті.
Осылайша, А.Соболенко екінші жыл қатарынан Аустралия біріншілігінде үздік шығып отыр. Ол өткен жылы соңғы ойында қазақстандық Елена Рыбакинаны жеңіп кеткен еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында ерлер арасында екінші финалист белгілі болғанын жазған едік.