Australian Open: Қос қазақстандық теннисші іріктеу сайысында жеңіліп қалды

АСТАНА . ҚазАқпарат - Аустралия ашық чемпионатының іріктеу турнирінде бүгін қос қазақстандық теннисші кортқа шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Алдымен ерлер арасында әлемнің 165-ракеткасы Александр Бублик бақ сынады.

А.Бублик дүниежүзілік рейтингте 208-орында тұрған Аустрия елінің өкілі Юрий Родионовпен күш сынасып, тартысты матчта 5:7, 6:3, 3:6 есебімен есе жіберді.

Бәсеке 1 сағат 50 минутқа созылды. Осылайша, 21 жастағы А.Бублик іріктеу турнирінің жартылай финалына шыға алмады.

Әйелдер арасында Елена Рыбакина (186-ракетка) өзінен рейтингте біршама жоғары тұрған қытайлық Чжу Линьмен (118-ракетка) шеберлік байқасты.

Бірінші сетте қытайлық спортшы онша қиналмай жеңіске жетті - 6:2. Екінші партияда қазақстандық споршы 2:0 есебімен алға шыққанымен, сол басымдылығын сақтай алмады. Ақыры 4:6 есебімен ұтылып қалды. Бұл матч 1 сағат 3 минутқа созылды.

Сөйтіп Е.Рыбакина да өзіне артқан сенімді ақтай алмай, жарыс жолынан ерте шығып қалды.

Еске салайық, бұдан бұрын қазақстандық Александр Недовесов іріктеу турнирін сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ айта кетейік, бүгін әйелдер арасында Юлия Путинцева Сидней турнирінде әлемнің 5-ракеткасы, америкалық Слоан Стивенспен кортқа шығады.

Соңғы жаңалықтар