Australian Open: Новак Джокович рекорд орната ала ма

АСТАНА. KAZINFORM – Аустралия ашық чемпионатында ерлер арасында жартылай финалға шыққан спортшылар түгелдей белгілі болды.

теннис джокович
Фото: skysports.com

Осыған дейін Аустралия біріншілігінде он рет чемпион атанған әлемнің 1-ракеткасы, сербиялық Новак Джокович биыл да басты үміткердің бірі саналады.

Сербиялық теннисші ширек финалда төрт сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты матчта әлемнің 12-ракеткасы, америкалық Тэйлор Фрицті жолдан тайдырды – 7:6 (7:3), 4:6, 6:3, 6:2.

Н.Джоковичтің жартылай финалдағы қарсыласы оңай емес, Италияның жас перісі, әлемнің 4-ракеткасы Янник Синнер. Ол ширек финалда рейтингіде өзінен бір саты төмен тұрған ресейлік Андрей Рублевтан айласын асырды – 6:4, 7:6 (7:5), 6:3.

Тағы бір жартылай финалда ресейлік, әлемнің 3-ракеткасы Даниил Медведев пен рейтингіде 6-сатыдағы германиялық Александр Зверевтің жолдары тоқайласады.

Д.Медведев 4 сағатқа жуық уақытқа созылған бәсекеде әлемнің 9-ракеткасы, Польша өкілі Хуберт Хуркачтың мысын басты – 7:6 (7:4), 2:6, 6:3, 5:7, 6:4.

Ал А.Зверев әлемнің 2-ракеткасы, 20 жастағы испаниялық Карлос Алькарасты қапы қалдырды – 6:1, 6:3, 6:7 (2:7), 6:4.

Егер Новак Джокович чемпион атанатын болса, онда ол өткен жылғы атағы мен рейтингілік ұпайын қорғап қана қоймай, рекорд орнатады. Ол жекелей сында «Үлкен дулыға» турнирінің 25 дүркін жеңімпазы атанып, бұл көрсеткіш жөнінен Маргарет Кортты да артта қалдырады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында жасөспірімдер арасында қазақстандықтардан алғаш болып Әмір Омархановтың ширек финалға шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ қазақстандық жас теннисші Аустралиядағы турнирді сәтті бастады.

Аустралия чемпионатында әйелдер арасында жартылай финалға шыққан теннисшілер анықталды.

 

Соңғы жаңалықтар