Australian Open іріктеу сайысына қатысатын қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды
Аустралия ашық чемпионатының іріктеу сайысына қатысатын қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, әлемнің 188-ракеткасы Бейбіт Жұқаев іріктеу турнирінің алғашқы айналымында дүниежүзілік рейтингте 510-орында тұрған аргентиналық, 31 жастағы Николас Киккермен ойнайды.
Н.Киккер кезінде әлемдік рейтингте 78-сатыға дейін көтерілген.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 190-ракеткасы Денис Евсеевтің қарсыласы — рейтингте 169-сатыдағы украиналық, 26 жастағы Виталий Сачко.
Әлемнің 222-ракеткасы Тимофей Скатов рейтингте 154-орындағы босниялық, 31 жастағы Дамир Джумхурдан өтуге тырысып көреді.
В.Сачко мен Д. Джумхур — өз елдерінің бірінші ракеткалары.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның байырғы қарсыласын жеңіп, Брисбен турнирінің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина — қайтадан әлемнің үшінші ракеткасы.
Анна Данилина Жаңа Зеландиядағы жарыста жеңімпаз болды.