Australian Open: Юлия Путинцева әлемнің 10-ракеткасына жол берді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 23-ракеткасы Юлия Путинцева Аустралия ашық чемпионатының төртінші айналымынан тыс қалды.

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 10-ракеткасы, ресейлік Дарья Касаткинамен бетпе-бет келді.
Қарсыластар осыған дейін үш рет кездессе, соның екеуінде Касаткина жеңген еді. Өткен жылы Мадридте Путинцева 3:6, 6:2, 6:2 есебімен ұтса, Нинбода ресейлік теннисші басым түскен еді – 6:4, 1:6, 7:6 (8:6).
Бұл жолы бірінші партияда Путинцева 3:0 есебімен алға шыққанымен, сол басымдығынан айырылып қалды – 3:3. Есеп 5:5 болған мезетте Касаткина брейк жасап кетті. Сосын сетке доп бергенде, есесін жіберген жоқ – 7:5.
Қазақстандық теннисшінің сәтсіздігі екінші сетте де жалғасты – 0:5. Касаткина ойынды жеңіспен тәмамдады – 6:1.
Бір сағат 20 минутқа созылған бәсеке барысында эйс жасамаған Путинцева 3 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыласы 1 эйс, 6 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, Ю.Путинцева жарыс жолынан шығып қалды. Дегенмен ол үшін биылғы Аустралия ашық чемпионаты біршама сәтті болды. Қазақстандық теннисші қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 20-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Әмір Омарханов пен Заңғар Нұрланұлының қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Сандуғаш Кенжебаева екінші рет қатарынан Түркиядағы турнирдің финалына шықты.