Australian Open: Заңғар Нұрланұлы алғаш рет жартылай финалға шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасында Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.

Нұрланұлы
Фото: ҚТФ

Жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингіде 12-орында тұрған Заңғар турнирдің 8-ракеткасы болып тіркелген.

Ол ширек финалда Гонконг өкілі Кай Томпсонға қарсы келді. Бірінші партияда гонконгтық теннисші 6:3 есебімен басымдық танытты. Тайталасқа толы матчта екінші сетте қазақстандық теннисші тай-брейкте қарымта қайырды – 7:6 (7:4).

Шешуші, үшінші партияда есеп 3:1 болған мезетте Томпсон доп бергенде, Заңғар аяғынан жарақат алып қалды. Ақсаңдап әзер жүрсе де, ол брейк жасай алды – 4:1. Бірақ келесіде өз геймін беріп қойды – 4:2. Дегенмен матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.

Екі сағат 50 минутқа созылған тартысты бәсекеде Заңғар 3 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Томпсон 4 эйс, 4 брейкпен (12 брейк-пойнт) көзге түсті. Осылайша, Заңғар Нұрланұлы спорттық жолында алғаш рет Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына шықты.

Оның келесі қарсыласы кейін белгілі болады. З.Нұрланұлы өткен жылы жасөспірімдер арасында қазақстандықтардан тұңғыш рет АҚШ ашық чемпионатының жартылай финалына дейін жеткен еді.

- Бүгін осындай матчта жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Келесі ойынға дейін жарақатымды емдеп, қалпыма келуге тырысамын. Жартылай финалға шығып, бір мақсатымды орындадым. Енді Аустралия чемпионатында титул алғым келеді, - деді Қазақстанның жас жұлдызы бәсекеден соң.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Анна Данилинаның екінші рет финалға жолдама алғанын жазған едік.

Аустралия чемпионатында Елена Рыбакина екінші рет чемпиондық атаққа таласады.

Сондай-ақ Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде үздік үштікке кіреді.

Соңғы жаңалықтар