Аустралия ашық чемпионатына 11 қазақстандық теннисші қатысады
Аустралия ашық чемпионатына қатысушылар тізіміне 11 қазақстандық теннисші енді, деп хабарлайды Kazinform.

Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жекелей сында негізгі турнирде Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Александр Бублик өнер көрсетеді.
Жұптық сында Анна Данилина мен Александр Недовесов додаға түседі.
Аустралия ашық чемпионатының іріктеу сайыстарында Бейбіт Жұқаев пен Денис Евсеев бақ сынайды.
Жасөспірімдер арасында Аустралия ашық чемпионатында негізгі жарыста алғаш рет Әмір Омарханов пен Асылжан Арыстанбекова кортқа шығады. Сондай-ақ іріктеу сайыстарына Даниал Рахматуллаев пен Виталий Зацепин қатысады.
Өткен жылы Аустралия ашық біріншілігінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина финалға дейін жеткен еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшінің Тунистегі жарыстың жартылай финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Сандуғаш Кенжебаева жұптық сында Монастир (Тунис) ITF турнирінің жартылай финалынан аса алмады.