Аустралия футболдан әлем чемпионаты финалдық кезеңіне шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты финалдық кезеңіне тағы бір жолдамаға Аустралия құрамасы қол жеткізді.

Аустралиялық футболшылар Азия құрлығы бойынша іріктеу кезеңінде сырт алаңда Сауд Арабиясын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Сол арқылы С тобында Жапония құрамасынан (22 ұпай) кейін 19 ұпаймен екінші орынға көтерілді.
Айта кетсек, бұдан бұрын Азиядан Иран, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Иордания, Жапония құрамалары қол созды.
Сондай-ақ қазірге дейін әлем чемпионатына ұйымдастырушы елдер ретінде АҚШ, Мексика, Канада осындай мүмкіндікке ие болса, мұхит аймағынан Жаңа Зеландия, Оңтүстік Америкадан Аргентина оған қатысатын елдердің қатарына қосылды.
Дүбірлі додада алғаш рет 48 құрама бақ сынайды. Оның 16-сы Еуропа, 8-і Азия, 9-ы Африка, 6-ы Солтүстік Америка, 6-ы Оңтүстік Америка құрлығына бөлінсе, 1-і мұхит аймағы елдеріне қаралған. Ал 2 жолдама плей-офф сатысы арқылы анықталады.
Айта кетсек, Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатында J тобында Уэльске (1:3), Солтүстік Македонияға (0:1) жол беріп, Люксембургті (2:0) қапы қалдырды. Турнир кестесінде үш ұпаймен төртінші орында келеді.