Аустралия маңындағы аралда орман өрті өршіп барады
АСТАНА. KAZINFORM – Аустралияның оңтүстік-шығыс жағалауындағы Флиндерс аралында бақылаудан шыққан орман өртіне байланысты төтенше ескерту жарияланды. Кейбір тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілсе, енді бір бөлігіне үйлерінен шықпай, паналауға кеңес берілді, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.
Аустралиялық ABC телеарнасының хабарлауынша, өрт сәрсенбі күні өршіп, елді мекендерге қауіп төндірген. Тасмания штатының өрт сөндіру қызметі жалынның оңтүстік-батыс бағытқа қарай жылжып, адамдардың өмірі мен тұрғын үйлерге қатер төндіріп жатқанын мәлімдеді.
Өрттің таралуына байланысты Килликра́нки, Лика және Маунт-Таннер елді мекендерінің тұрғындарына шұғыл ескерту жасалды. Құтқару қызметі эвакуация жолдарына жалын жақындағандықтан, бұл аумақтардан шығу енді қауіпті екенін хабарлады.
– Кетуге тым кеш. Өрт эвакуация бағыттарына қауіп төндіріп тұр, ал қазір жолға шығу өміріңізге қатер төндіреді. Өрт жеткенге дейін қауіпсіз жерге паналаңыз. Бұл кезеңде жалынды өз бетіңізше сөндіруге тырыспаңыз, – делінген ескертуде.
Өрт сөндіру қызметі тұрғындарға шығатын есігі анық бөлмеге паналап, барлық есік-терезені жабуға және кондиционерлерді өшіруге кеңес берді. Үйлерін тастап кеткен адамдарға да қауіпті аймаққа қайтып бармау ескертілді.
Флиндерс аралы Тасман теңізі мен Үнді мұхитының түйіскен тұсындағы Басс бұғазында, Виктория штатының оңтүстік-шығыс жағалауы мен Тасманияның негізгі аралының арасында орналасқан.
Мәліметке сәйкес, өрт табиғи қорық аумағында найзағай түсуінен тұтанған. Сейсенбі күні жарияланған деректер бойынша, жалын шамамен 3 мың гектар аумақты шарпыған.
Айта кетейік, бұған дейін Қаскелең шатқалында орман өртеніп жатқанын хабарладық.