Аустралия Сиднейдегі лаңкестік шабуылдан кейін халықтан қаруды сатып алу бағдарламасын іске қосты
АСТАНА. KAZINFORM — Аустралия премьер-министрі Энтони Албаниз үкімет бүкіл ел бойынша қаруды кері сатып алу бағдарламасын қаржыландыратынын мәлімдеді.
ABC жазуынша, қару-жарақ сатып алу бағдарламасы 1996 жылғы Порт-Артурдегі жаппай кісі өлімінен кейін басталған Джон Ховард бағдарламасынан бері қабылданып отырған ең үлкен шара.
Премьер-министрдің айтуынша, үкімет бағдарламаны қаржыландыруға және шығынды штат пен аумақтар арқылы жабуға көмектесетін заңнама енгізеді.
— Біз бұл бағдарлама аясында жүздеген мың атыс қаруы жиналып, жойылады деп күтеміз, — деп атап өтті ол.
Албаниз Аустралияда төрт миллионнан астам атыс қаруы бар екенін мәлімдеді.
— Бондидегі қорқынышты оқиғалар көшелерден көбірек қару алып тастау керектігін көрсетіп отыр. Біз лаңкестердің бірінің атыс қаруына лицензиясы болғанын және ол Сидней маңындағы аудандардың орталығында тұрса да, алты қару алып жүргенін білеміз. Мұндай жағдайда ешбір адамға сонша қару қажет болуына еш себеп жоқ, — деді ол.
Ол сонымен қатар 21 желтоқсан құрбандарды еске алу күні өтетінін, Аустралиядағы барлық үкімет ғимаратындағы ту жартылай түсірілетінін және келесі жылы ұлттық аза тұту күні жарияланатынын қосып өтті.
Еске сала кетсек, 14 желтоқсанда Ханукка мерекесін тойлау кезінде Сидней жағажайында атыс болды.
Куәгерлердің айтуынша, еврейлердің Ханука мерекесін тойлау кезінде қара киінген екі ер адам жағажайда оқ жаудырған. Кем дегенде 50 оқ атылды. Айтулы мерекеге 2 мыңға жуық адам қатысқан.
Елде аза тұтуға байланысты кейбір Рождестволық шаралар болмайды.