Аустралия тарихындағы ең ірі әскери оқу-жаттығу жиындары басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Аустралияда Talisman Sabre 2025 әскери оқу-жаттығу жиындары басталды. Бұл жаттығуларға 35 000-нан астам әскери қызметкер қатысып жатыр.

Австралия проводит крупнейшие в истории страны военные учения
Фото: Wikimedia

Talisman Sabre 2025 оқу-жаттығулары Аустралияда осымен он бірінші рет өткізілуде және ел тарихындағы ең ауқымды әрі ең күрделі әскери жаттығулар саналады.

Үш апта бойы Аустралия мен оның серіктес елдерінен келген 35 000-нан астам әскери қызметкер елдің әртүрлі өңірлерінде — Квинсленд, Солтүстік аумақ, Батыс Аустралия, Жаңа Оңтүстік Уэльс штаттарында және Рождество аралында жаттығуларға қатысады. Биыл алғаш рет жаттығулар Аустралия аумағынан тыс, Папуа — Жаңа Гвинеяда да өтеді.

Оқу-жаттығуға АҚШ, Канада, Фиджи, Франция, Германия, Үндістан, Индонезия, Жапония, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Норвегия, Папуа — Жаңа Гвинея, Филиппин, Оңтүстік Корея, Сингапур, Тайланд, Тонга және Ұлыбритания елдерінің әскери қызметкерлері қатысады. Ал Малайзия мен Вьетнам бақылаушы ретінде қатысады.

Аустралия Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жаттығулар аясында әскери атыстар мен дала жаттығулары, десант түсіру, құрлықтағы маневрлер, сондай-ақ әуе және теңіз операциялары жоспарланған. Сондай-ақ Аустралия қорғаныс күштерінің жаңа мүмкіндіктері көрсетіледі — олардың қатарында UH-60M Black Hawk тікұшағы мен Precision Strike Missile (жоғары дәлдіктегі зымыран) бар.

Бұған дейін Қытай Халық азаттық армиясы ұшқышсыз аппараттар мен жердегі жауынгерлік роботтардың қатысуымен тактикалық оқу-жаттығулар өткізгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар