Аустралияда орман өрті 16 үйді жалмап, мыңдаған тұрғын эвакуацияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Аустралияда орман өрті салдарынан 16 тұрғын үй өртеніп кетті. Өрт Жаңа Оңтүстік Уэльс аумағын қамтып отыр, деп жазды Белта.

Австралияда орман өрті 16 үйді жалмап, мыңдаған тұрғын эвакуацияланды
Фото: ЕРА

Елдің ең үлкен штатының мыңдаған тұрғындары эвакуациялануға міндеттелді. Жергілікті билік мәліметінше, штат аумағында 70-тен астам орман өрті тіркелген. Ең ірі өрт 10 мың гектарды қамтып, оған ең жоғары қауіптілік деңгейі берілген. Өрттен ең көп зардап шеккен аймақ — Сиднейден 45 км қашықтықтағы Кулвонг қаласы.

Орталық жағалаудағы Феганс-Бей және Вой-Вой аудандарында да ең жоғары қауіптілік деңгейі енгізілді. Бұл аймақтарда 350 мыңнан астам адам тұрады.

Метеорология бюросының хабарлауынша, 42 градусқа дейін жеткен аптап ыстық өрт қаупін күрт күшейтті. Премьер-министр Энтони Албаниз тұрғындарды төтенше қызметтердің нұсқауларын сақтауға және бір-біріне қолдау көрсетуге шақырды.

Метеорологтар мен өрт сөндірушілердің айтуынша, бірнеше салыстырмалы тыныш жылдардан кейін Аустралияны биыл аса қауіпті өрт маусымы күтіп тұр.

 

Соңғы жаңалықтар