Аустралиялық сенатор биткойнды «қаржылық пирамида» деп атап, оны сынға алды
АСТАНА. KAZINFORM – Аустралиялық сенатор Джерард Ренник биткойнды «қаржылық пирамида» деп атап, бұл пікір криптовалюта индустриясының өкілдері мен пайдаланушылар тарапынан бірден теріс реакция тудырды, деп хабарлайды Crypto News.

— Ең соңында биткойн 1 миллион долларға дейін көтеріледі. Неліктен? Себебі бұл — шектеулі ұсынысы бар өнімге BlackRock компаниясы барған сайын көбірек доллар құйып жатқан қаржылық пирамида. Ал бұл өнім нақты не өндіреді? Ештеңе — оны сатып алып, сатып жатқан мыңдаған адам сияқты, — деп жазды Джерард Ренник Х (бұрынғы Twitter) платформасында.
Квинсленд штатынан сайланған сенатор Ренник 2024 жылы Либералды ұлттық партиядан шыққан соң «Алдымен халық» атты популистік партияны басқарып отыр. Ол әрі қарай биткойн мен оны саудалайтын трейдерлер «мүлдем пайда әкелмейді» деп мәлімдеді.
— Аустралияға нағыз инженерлер керек, қаржы инженерлері емес. Бізге басты қызметтерді: энергия, су және көлік сияқты инфрақұрылымды қамтамасыз ететін жүйелер қажет, — деді Джерард Ренник.
Ренниктің бұл мәлімдемесі Аустралия премьер-министрі Энтони Альбанезе Эндрю Чарлтонды ғылым, технология және цифрлық экономика министрінің көмекшісі етіп тағайындағаннан екі апта өткен соң айтылды. Чарлтон Аустралияда цифрлық активтерді реттеуді, соның ішінде ірі криптобиржаларға елдің Қаржылық қызметтер лицензиялау жүйесіне сай жұмыс істеуге мүмкіндік беретін лицензиялық режимді басқаруға тиіс. Заң жобасы осы жылдың соңына дейін ұсынылады деп күтілуде.
Еске сала кетейік, Биткойн бағасы алғаш рет 68 мың доллардан асты.