Ауыл әкімі соққыға жыққан баланың анасы айыпкерді кешірмейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Қорғалжын ауданында ауыл әкімінің соққысы салдарынан ауруханаға түскен Диас Мұраттың анасы Айгүл Бекжанова айыпкерді кешірмейтінін айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Маған он бір кезінде мектептің директоры қоңырау шалып, балаңыз бір баламен төбелесіп қалды деп хабар берді. Жерді қазып барсам да барамын дедім. Ата-анасымен сөйлесіп, кешірім сұраймын деген ем. Жолдың ортасына келе берген кезде интернаттың балалары қоңырау шалып, «апай тезірек келіңізші, Диас есінен танып қалды. Жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетті» деді. Ары қарай не істерімді білмей қалдым», - деп еске алады сол күнді Диастың анасы Айгүл Бекжанова ауруханада БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Анасының айтуынша, ауруханаға келген кезде хирург Диастың ес-түссіз жатқанын жеткізген.

«Палатасына барған кезде баламның беті аппақ болып кетіпті. Көзі жартылай ашық. Қолы көкшіл. Баламның саусағын қысайын десем, қолы мұздай. Одан кейін ІІБ- не бара жатқанымда қасымдағы балалар жағдайды айтып берді. Мына кішкентай баламды (Диастың інісі Мирас - авт.) бірнеше рет итеріп, құлата беріпті. Мирас Диасқа осындай бала маған тиісе береді деп көрсеткен көрінеді. Диас сабақтан шыққан кезде кабинет жанынан әлгі баланы көріп қалып, оны шақырыпты. Менің балам «Ініме неге тиісесің. Ол менің інім біліп қой» деген кезде әлгі бала итеріп, Диастың кеудесінен бір тартқан. Содан кейін менің балам келіп, оны да бір тартқан. Сол жерде басқа балалар оларды арашалап алып, татуластырған», - дейді анасы.

Балалар татуласқанымен, бұдан кейін іс насырға шауып кеткен көрінеді.

«Менің балам бөлмесіне келіп отырған кезде еңгезердей адам кіріп келіп, балалардың көзінше «Диас деген кім» деп сұраған. Жанындағы бала «әне» деп көрсетіп, Диас орнынан тұра берген кезде оң қолымен сол жақ бетінен ұрған. Сол кезде бала орындықпен бірге қоса құлап, тумбочкаға басы тиген. Ары қарай баланың есінде ештеңе жоқ. Ал қасындағы бала әлгі ер адамның құлаған орындықты айналып, баланың басынан үш рет тепкенін айтады. Төртіншісі соққысы денесіне тиген. Сол кезде директоры бәрі келіп, әлгі адамды жұлқылап алып кеткен», - дейді Айгүл.

Диас сол жерде орнынан тұра алмай, тілін жұта бастаған кезде дәрігер баланың аузына қасық салып, тілін тартып көмек көрсеткен.

«Баланың әкесі (ауыл әкімі - авт.) ІІБ-не келген кезде артымнан келіп, кешірім сұрай бастады. «Иә, мен хайуандық жасадым. Енді не істейсің? Кешір» деп менен қайта-қайта кешірім сұрай берді», - деп еске алады Айгүл. - «Егер де мені жұмыстан шығарып жіберетін болса саған біз ертең ешқандай көмектесе алмаймыз. Өзің баламен әуре болып қалып қаласың деп үгіт жүргізе бастады. Не істерімді білмей айтқанын істей беріппін. Келесі күні тергеушіге қайта барып, арыз жаздым. Елді қорғайды деген адам баламызды тепкілеп жатса, өзінің тиісті жазасын алсын. Оны кешірмеймін», - дейді анасы.

Еске сала кетейік, Қорғалжын ауданының тұрғыны Айгүл Бекжанова Фейсбук әлеуметтік желісіне А.Төлеубаев атындағы орта мектепте оқитын ұлы, 8-сынып оқушысы Диас Мұқанды Қорғалжын ауылдық округінің әкімі Жанат Омаров соққыға жыққандығы туралы жазған болатын. Онда зардап шеккен баланың анасы ұлының «мидың шайқалуы» диагнозымен Қорғалжын аудандық аурханасына, кейін Астана қаласындағы №2 ауруханасына жеткізіп, нейрохирургия бөлiмшесінде жатқанын айтқан еді.

Бұл жазба көпшілік арасында наразылық тудырып, әлеуметтік желі қолданушылары оқушыға қол көтерген әкімнің ісін қатаң сынға алды. Осы мәселе бойынша ҚазАқпарат ХАА тілшісі прокуратура органдарына сауал жолдады. ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі Мұқан Диастың денсаулығына зиян келтіру фактісі бойынша Қорғалжын аудандық ішкі істер бөлімімен қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын атап өтті.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram