Ауыл баласының Аяз атаға жазған хаты таңғалдырды - Ақтөбе облысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында тұратын он жасар оқушы Илья Минеев Аяз Атаға ауылының қыс бойы қар басып қалатын жолын тазартуға көмек беруін сұрапты, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Хатта  «Аяз ата, саламатсыз ба! Сізге шалғайдағы қар басып жатқан Пятигор ауылынан жазып отырмын. Қар басқан дейтін себебім, бізге ақ ұлпаның мол жауғандығы сондай,  қардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Менің сыныптағы достарымды тыңдасам, сенен  біреуі ойыншық машина, енді біреуі қуыршақ, тәттілер сұрап жатыр. Ал маған оның ешқайсысы керек емес. Өйткені,  менің ата-анам жағдайымды жасап отыр, олар - өте мейірімді жандар. Менің  бір ғана тілегім бар -   бізге ауылдың жолын жақсылап тазартып берсеңіз. Әйтпесе, маған мектепке бару қиын»,- деп жазыпты 3-сынып оқушысы.

Илья Минеевтің хаты ұстаздарын да бей-жай қалдырмапты. Қобда ауданы Бестау ауылдық орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Шынар Сатаеваның айтуынша, биыл мектеп басшылығы бастауыш сынып оқушыларына Аяз атаға хат жаздыруды ұйғарыпты.

- Балалардың тілегі әртүрлі. Біреуі қалам, ойыншық сұраса, енді біреулері планшет сұраған.  Армандаған сыйлықтардың ең бағалысы  сол планшет болар. Ал біз Илья Минеевтің хатын оқып, шыны керек, таңғалдық. Себебі, бұл сабақтың үстінде жазылған нәрсе болғандықтан, оған ешқандай ата анасының немесе мұғалімнің ықпалы болған жоқ. Баланың өзінің тілегі, арманы», - дейді Шынар Сатаева. Ұстазының айтуынша, Илья - мектебінің мақтанышы, оқу озаты.

Айта кетсек, Бестау ауылы облыс орталығы - Ақтөбеден 95 шақырым жерде орналасқан.

null  

Зада Зейін

Соңғы жаңалықтар