Ауыл – ел бесігі жобасы үш жылда 18 пайызға ғана орындалған – Мәжіліс депутаты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы үш жылда «Ауыл – ел бесігі» жобасы 18 пайызға ғана атқарылған. Бұл мәселені Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат «Ауыл – ел бесігі» жобасы ауылдық аумақтарды дамытуға жаңа серпін беруге, бірінші кезекте, ауыл халқының тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға арналғанын атап өтті. Жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерді «тірек» және «серіктес» санатына бөлу критерийлері айқындалып, өңірлік стандарттар жүйесі қабылданған.

«Жоба аясында облыс әкімдіктері Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, 6 300 ауылдық елді мекеннің ішінен 3,5 мыңнан астам ауылды іріктеп алды, оның ішінде – 1 173 тірек және 2 388 серіктес ауылдар бар. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, іс жүзінде бағдарлама 3,5 мың ауылдың 665-ін ғана қамтыған. Яғни, үш жылда 18 пайыз ғана ілгерілеу болған. Бұл ретте, алдағы төрт жылда жобамен 2870 ауыл немесе 82 пайызы қамтылуы тиіс. Ұлттық жоба параметрлерінің орындалмау қаупі бар», - деді А. Рау Мәжілісте өткен «Үкімет сағатында».

Депутат мемлекеттік органдардың «жаңғыртылған ауыл» ұғымын қалай түсінетініне тоқталды.

«Егер бір ауылда бір жоба жүзеге асырылса, оған мемлекеттік органдар жақын арада қайта тоқталмайды деген пікір бар. Жаңғыртылған ауыл деген осы ма? Барлық стандарттар орындалған, басқаша айтқанда, барлық проблемалар шешілген ауылды ғана «жаңғыртылған ауыл» деп атау керек. Алдағы екі жылда «Толық аяқталған ауыл» қағидаты бойынша тірек ауылдарды жобалармен толық қамту қажет», - деді Мәжіліс депутаты.

Спикер тағы бір мәселе – атқарылған жобалардың сапасына емес, санына ұмтылу екенін жеткізді.

«Аудандық аурухананы жөндеуге бөлінген бюджет қаражатының саны көп басқа жобаларға жұмсалғаны анықталды. Депутаттар анықтаған тағы бір мәселе: экономикалық әлеуеті, дамыған инфрақұрылымы бар перспективалы ауылдар жобаға мүлдем енгізілмеген. Неге десеңіздер, бұл елді мекен «тірек» ауылдан 18 шақырым қашықтықта орналасқан, ал бағдарлама бойынша 15 шақырымнан аспау керек. Ауылдардың тағдыры осындай қағазбастылықпен шешіліп жатыр. Ауылдарды даму әлеуеті бойынша саралау сәтінен бастап үш жыл өтті, мүмкін болатын өзгерістерді ескеріп, қолда бар тізбені, ең алдымен, ауылдық жерлердің экономикалық әлеуеті мен даму перспективаларына сүйене отырып, стандарттарды өзектендіру қажет», - деді Альберт Рау.

Айта кетейік, Мәжілістегі Үкімет сағатында «Ауыл — Ел бесігі» жобасы талқыланып жатыр. Қазақстанның ауылдарындағы 6 293 елді мекенде 7,8 млн адам тұрады.

2019 жылы елімізде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы іске асырыла бастады. Оның басты мақсаты — ауылдағы адамдардың өмірін жақсарту. Жол құрылысы, сумен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт нысандарын қайта жаңарту және жаңа нысандар салу, жұмыс орындарын құру — осының барлығы аталған бағдарламаны іске асыруды көздейді.



Соңғы жаңалықтар