Ауыл мектебімен қашан мақтанамыз? - БАҚ-қа шолу

***
Сауда саласына жаңа әдіс-тәсіл, жаңа леп келгелі қашан. Көбіміз оны күйбең тірліктің көлегейінен көре де бермейміз. Айтпағымыз - елдегі заманалық ірі сауда орындарындағы есеп айырушының төлем терминалы (POS-терминал). Мәселен, елордасы Астананың өзіндегі үлкен сауда үйлерінің бес-алтауында ғана төлем терминалдары бар. Олар көпшілікке белгілі - «Metro», «Magnym», «Paмстор», «Green», «Керуен» сынды сауда орындары. Бұл туралы бүгінгі санында «Егемен Қазақстан» газеті жазады.
Басылымның жазуынша, өткен жылдың соңына таман ел Үкіметі қалтаға буда-буда ақшаны салып жүруді мүмкіндігінше шегеріп, сауда нүктелеріне жаппай төлем терминалдарын орнатуды қалаған еді. Бұған операцияны жүзеге асыратын банктердің кейбірі дайын болмай шықты. Расында, игілігі мол бұл іске банктер ғана емес сауда орындары мен ондағы шағын кәсіпкерлер, сондай-ақ тұтынушы халықтың үлкен бөлігі де мүлдем әзір емес. Тіптен төлем терминалдарын көрмеген, білмеген, ұқпағандары да баршылық. «Сондықтан жаңа жүйені жаппай қолданысқа енгізбес бұрын, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы POS-терминалдың немене екендігі мен оның толық қызмет мүмкіндігін ел-жұртқа жан-жақты таныстырып, тиімділік тұстары мен жақсы қырларын дұрыс ұқтырған құп секілді», - дейді басылым. Мақала «Қобыраған қолма-қол ақшадан арылар шақ» деген тақырыппен беріліп отыр.
Ежелгі түркілердің қарашаңырағы - атажұртымызға ие болып қалған қазақ халқының мыңдаған жылғы тарихы ерлік пен қаһармандыққа толы. Қазақ батырларының қаһармандық рухы, әсіресе, жерімізді жоңғар қалмақтары басқыншыларынан азат еткен ХVІІІ ғасырдағы ұлы шайқастарда жарқырай көрінді, деп жазады «Егемен Қазақстан» «Абылай хан құрметтеген Көкжал Барақ қандай бағаға болса да лайық» деген мақалада.
Онда Абылай ханның ақ туы астында жаратушы берген жетпіс жастың елуін ата жаумен айқаста өткізген Көкжал Барақ туралы егжей-тегжейлі жазылған.
Автордың жазуынша, Көкжал Барақ Шүрекұлы 1701 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Жарма ауылының Қызылсу - Шар өзені маңындағы Көкжар деген жерде өмірге келген. Ұлы атасы Өтейге дейінгілері ежелден ішкі Алтай атанып келген Марқакөлдің Сартауы, батысы Зайсан көлінің Қара Ертісі мен Ақ Ертісінің солтүстігіндегі таулы-тасты, өзенді, көлді өңірді мекендеген.
Көкжал Барақ найманның бір буыны - ергенектіден тарайды. Барақ дүниеге келгеннен кейін шешесі көп ұзамай қайтыс болады. Әкесі Шүрек елі мен жерін жау шеңгелінен босату жолындағы шайқастардың бірінде қаза табады. Осылай қабырғасы қатып, бұғанасы әлі бекімеген Барақ пен інісі Басар әкесінің ағасы Шонаның қолында қалады. Бес-алты жастарында туысының қозы-лағын қараумен, он жастан аса мал бағумен айналысады. Ел азаттығы жолында тұлпар тізгіндеп, ту көтерген ағаларына он бес жасында ерген Барақ он алты жасында ұрысқа еніп, найза қағыстыра бастайды.
Мақалада Көкжал Барақтың Абылай ханның басшылығымен қалмақтарға қарсы жасалған жорықтарда көрсеткен ерен ерліктері жазылған. Оның өмір жолы туралы кездесетін деректер келтірілген.
«Көкжал Барақтың тарихи тұлға екенін тарих ғылымдарының докторы, профессор Болат Нәсеновтің «Абылай хан» деп аталатын еңбектерінен анық аңғаруға болады. Сол сияқты Мәшһүр Жүсіптің Абылай хан атақты, аруақты хан болып тұрған күнде уақ сары - Баянсыз, керей - Тұранбайсыз, шанышқылы Бердіқожасыз, Көкжал Барақсыз, Малайсарысыз жорыққа аттанбайды екен деген сөздері де көп жайдан сыр ұқтырып тұрғаны анық», - дейді автор.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Атамекен Ордасы» ұлттық тәлім-тәрбие бағдарламасының авторы, ғалым-профессор Мұхамедрахим Қыдырбайұлымен болған сұхбат беріліп отыр. Онда халықтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы туралы сөз болып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 8 наурыздағы қыз-келіншектермен болған жүздесуі кезінде «Тәрбие көзі - халықтық педагогикада» деген сөзі төңірегінде әңгіме өрбітілген.
Сондай-ақ, «Атамкен Ордасы» ұлттық тәрбие бағдарламасының қалай құрылғандығы, қандай жұмыстар атқарып жатқандығы, болшақта қандай жоспарлар құрып отырғандығы туралы толық мәліметтер алуға болады.
Сонымен қатар М. Қыдырбайұлы ұлттық тәрбие, жастардың қазіргі заманғы тәлім-тәрбиесі, ата-баба өсиеті туралы ойларымен бөліседі.
Қазіргі қазақ ғылымы мен мәдениетінің мүйізі қарағайдай өкілдерінің көпшілігі ауылдан шығып, ауыл мектебінде білім алған. Алайда тоқырау жылдары ауылдың сәні кеткен кезде, мектептердің де жағдайы тұралап қалғаны белгілі. Ел еңсесін көтеріп, етегін жия бастады десек те, мектеп - ауылдағы жалғыз мәдени ошақ болып отыр, деп жазады «Айқын» «Ауыл мектебімен қашан мақтанамыз?» деген мақаласында.
Онда Алматы облысы, Панфилов ауданы, Ақжазық ауылындағы № 10 Жамбыл атындағы орта мектептің директоры Гүлбану Нүсіпқожаева бүгінгі ауыл мектептерінің жай-күйі туралы білген-түйгенін айтып берген.
«Қалалық мектеп пен ауыл мектебінің ең басты айырмашылығы -материалдық-техникалық базасы. Өйткені қазіргі таңда ең бірінші талап етілетіні - ақпараттық сауаттылық. Ауыл мектебінде компьютерлердің, интерактивті тақталардың, жаңартылған лингафон кабинеттерінің жетіспеушілігі талап үдесінен шығуға кедергі келтіруде», - дейді Г. Нүсіпқожаева.
Сонымен қатар, ол бүгінгі ауыл мектебінің басқа да күрделі мәселелері туралы толыққанды баяндап берген.