15:41, 13 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ауыл мектебіне облыс әкімі көмектесетін болды
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ –
Жалағаш ауданына жасаған алғашқы сапарын Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов Ақарық елді мекенінен бастаған болатын. Мұндағы №124 орта мектеп ғимаратының апатты жағдайдағы жай-күйін өз көзімен көрген басшы облыстық бюджеттен қаржы бөлдіретінін айтып, қуантып кеткен еді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Сонымен көп ұзамай облыстық мәслихаттың шілде айындағы VІІІ сессиясында Ақарық елді мекенінен 140 орындық қосымша мектеп ғимараты үшін қаржы бөлінгендігі туралы хабарды естідік. Желтоқсан айының басынан қызу жұмыс басталып кетті. Қазір іргетасы қаланып, өзге тірліктері де қолға алынып жатыр. Ең қуанарлығы, құрылысқа ауылдың жұмыссыз жастары тартылды. Мектеп құрылысының уақтылы әрі сапалы жүргізілуі аудан әкімдігінің құрылыс бөлімі тарапынан қадағалануда.№124 орта мектептің 560 оқушысы, жүзге тарта мұғалімдері мен ауыл тұрғындарының көз қуанышына айналған білім ордасы сәт сайын биіктеп келеді.