«Ауыл» партиясы жас ақын-жазушылардың басын қосты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы Орталық кітапхана ғимаратында «Ауыл» партиясының төрағасы Ә.Бектаев жас ақын жазушылармен «Рухани құндылықтар-қоғам дамуы тірегі» атты кездесу өткізді, деп хабарлады «Ауыл» партиясының Орталық Аппаратынан.
None
None

Шараға қалың оқырманға шығармаларымен танылып үлгерген жазушылар бен мәнді де өткір өлеңдерімен көзге түскен ақындар қатысты. Олар жас та болса, қоғамдағы құбылыстарға үн қатып, өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген шығармашылық иелері.

«Ауыл» партиясының төрағасы қаламгерлерге жаңаланған партияның басымдықты бағыттарын таныстыра келе, ұйымның негізгі құндылықтары- еркіндік, отан сүйгіштік, әділдік пен теңдік және ынтымақтастық екенін айтты. Тұрғындары жоғары деңгейде өмір сүретін тәуелсіз мықты, өркендеген Қазақстанды құру - Партия мақсаты.

«Қаламгерлер қоғам дамуының тамыршысы. Қоғамның қиыс кеткен жерлерін дөп басып, қателіктерді өткір сөздерімен түйреп отырар ақын жазушылардың еңбегі Партия жұмысымен сабақтас»,- деп атап өтті «Ауыл» партиясының төрағасы Ә. Бектаев.

Кездесу бейресми форматта өтіп, емін-еркін әңгіме өрбіді.

«Қазіргі кезең жаһандану дәуірі мемлекеттердің, халықтар мен ұлттардың алдына жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, жаңа сынақтар мен жаңа талаптарын ала келді» - деді партия басшысы Ә.Бектаев.

Жекелеген мемлекеттер ғана емес, тұтас өркениеттер алдында таңдау сәті тұр. Бұл таңдау жолы - өзіңнің ұлттық, мәдени-рухани бет-бейнеңді, салт-дәстүріңді жоғалтпай, тілің мен діліңді, дініңді сақтай отырып, жаһанданудың сара жолына түсу. Әрі өзгеріске, жаңалыққа, технологияға ашық болу, ноу-хауға бет бұру аса қажет.

Партия төрағасының бұл ойын қаламгерлер де жалғастырды. Осы ретте жас қаламгерлер жаһандану процесінен тыс қалмаған, сөйте тұра қазақтың қаймағы бұзылмаған ауылдарын суреттеу, ұлттық құндылықтарын дәріптеу, оны барынша тартымды етіп оқырманға ұсыну алдағы маңызды жоспарларының бірі екенін жеткізді.

Партия төрағасы Ә. Бектаевтың пайымдауынша, әлеуметтік этика дәл осы ауылда қалыптасады. Бүгінде бүкіл әлем адамгершілік құндылықтар дағдарысын бастан кешіруде. Сенім сетінеген, мейірім жоғалған. Бұл сөздердің мән мағынасын, маңызын көбіміз әлі түсінбей келеміз. Бірақ экономиканың өзі адами құндылықтардан туындайды. Ал алтын бесік ауылымыз қоғамға аса қажетті осы құндылықтардың қазаны. Сондықтан, ауыл мен қазақ ұғымының ешқашан ажырамағаны керек. Партияның ең басты мақсаты да осы. Ауылды көштен қалдырмай, дамыта отырып, ұлттық құндылықтарды сақтап қалу.

Отырыс барысында партия төрағасы Ә.Бектаев ауыл тыныс-тіршілігі, тылсым дүниесі жөнінде повестьтер мен поэмаларға жас ақындар арасында «Ауыл» партиясы конкурс жариялайтындығын жеткізді.

Конкурс ережелерін «Ауыл» партиясының орталық аппараты дайындап, бұқаралық ақпарат құралдарында жақын арада жариялайтын болады.

Сонымен бірге, партия аясында жас ақын, жазушылардың басын біріктіріп, бүгінгі заманның рухани мәселелерін, дәстүрлі мәдениетін дамыту мәселелерін сараптап, дамудың жаңа жолын қарастыратын Клуб құру ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар