«Ауыл» партиясы жеке шаруа қожалықтарын мемлекеттік қолдау бойынша ұсыныс білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ауыл» партиясы жеке шаруа қожалықтарына мемлекеттік қолдауды арттыруды ұсынады. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауына қатысатын еліміздегі алты саяси партия өкілдері арасындағы теледебат барысында «Ауыл» партиясының өкілі Әли Бектаев осылай мәлім етті.
None
None

Айта кетерлігі, пікірсайыс ережесіне сәйкес, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов «Ауыл» партиясына сұрақ қойған болатын. «Біздің бағдарламамызда да ауыл мәселесі қамтылған. Сонымен қатар, ауылдағылардың жағдайын жақсарту бойынша Сіздердің партияларыңыздың жоспары бізді де қатты қызықтырады», - деді А. Мырзахметов.

«Ауылдағы тұрғындардың табатын табысы тікелей сол ауылдағы шаруашылықтарға байланысты. Бүгінгі таңда көпшілік ауылдағы азаматтардың табыс көзі өздерінің жеке отбасылық қожалығына қатысты болып отыр. Қазақстанда екі миллионнан астам жеке отбасылық және шаруа қожалықтары бар. Олардың проблемалары да жетеді: қаржының қолжетімсіздігі, жайылымдардың жетіспеушілігі бар. Біз сондықтан да жеке шаруа қожалықтарына мемлекеттік қолдау керек деп есептейміз. Егер оларға тиісті деңгейде сервистік, қызметтік, қаржылық қолдаулар болса, жеке шаруа қожалықтарының табысы артатын еді. Ал бұл жалпы ауыл тұрғындарының табысының артуына сеп болады. Ауылдық коперацияларының құзыретін де осы төңіректе пайдаланған орынды деп санаймыз», - деді Ә. Бектаев.

Саяси партиялар өкілдерінің арасындағы пікірсайысқа «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов, ҚХКП Владислав Косарев, «Ауыл» партиясынан Әли Бектаев, «Ақ жол» партиясынан Азат Перуашев, «Бірлік» партиясынан Роза Қуанышбаева, ЖСДП-дан Зәуреш Батталова қатысты. Пікірсайыс «Хабар» арнасы арқылы көрсетіледі деп жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар