«Ауыл» партиясының аймақтық бөлімшелерін күшейту мәселелері қаралды

2015 жылдың 20 қарашасында «Ауыл» партиясы Президиум және саяси кеңестің кеңейтілген отырысын өткізді.
Жаңарған «Ауыл» партиясы өзінің облыстық филиалдарында партиялық құрылыс жұмысын аяқтады. Конференция жұмысына партия мүшелерінің басым көпшілігі қатысып, ұйымның ағымдағы жұмыс барысына баға берді. Сонымен қатар партиялық құрылымды жаңалап, оған жан бітіру, келешектегі жоспарларды нақтылап, даму стратегиясын белгілеу және саяси жұмыстың тактикасын анықтауға бел шеше кірісті.
Ұйымдастырылған конференциялар қоғам ішінде «Ауыл» партиясының алдағы қызметіне деген сенім мен үміттің бар екенін көрсетіп берді. Ауыл партиясының төрағасы А.Бектаевтың айтуынша: «Партияның ең басты міндеті - осы үмітті ақтау, сенімге селкеу түсірмеу әрі ел дамуына өзіндік үлес қосатын партияда қуат, тиісті қор, ең бастысы ынта мен ықыластың бар екенін дәлелдеу».
Ұйым мүшелері партиялық құрылыс процессінде елдің қоғамдық саяси және әлеуметтік дамуы туралы көзқарастарын жинақтайтын, жаңарған партия бағдарламасы қабылданды.
Жаңарған бағдарлама Қазақстан Республикасының Президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаев жариялаған «Мәңгілік ел» идеясымен сабақтас. Жоғары рухты қоғамның қалыптасуы үшін еңбек сүйгіштік, адалдық, білімпаздық пен ғылымға құмарлық, төзімділік пен азаматтық қоғам секілді құндылықтар іргетас болып қалануы тиіс.
Партия Қазақстанның және қазақстандықтардың ең басты құндылығы мен байлығы Тәуелсіздік деп біледі. Қолдағы осы құндылықты әрбір жан көзінің қарашығындай сақтап, оған келешек ұрпақтың сапалы, лайықты, молшылықта өмір сүруінің кепілі ретінде қарауы керек.
«Ауыл» партиясы ауыл ахуалына, ауыл проблемаларына жіті көңіл бөледі. Заманауи, мықты, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы елдің көркейіп дамуын қамтамасыз етеді.
«Ауылшаруашылығын дамытудың арқасында неғұрлым өтімді, сұранысқа ие өнімдер өндіруді ынталандыру, өндіріс көлемін бақылау, бағадағы тұрақсыздықты төмендету және ауыл шаруашылығындағы болжам жасауды жақсарту әрі көп тұтынатын ауылшаруашылық өнімдерінің бағасын тұрақтандыру қажет», - деді «Ауыл» партиясының төрағасы А.Бектаев.
Партияның саяси кеңесінің президиум отырысында идеологиялық, ақпараттық сараптамалық, ұйымдастырушылық қызметті жетілдіру және аймақтық бөлімшелерді күшейту мәселелері қаралды.
Сонымен қатар партиялықтар ағымдағы жағдайда жүргізілетін қоғамдық саяси жұмыстар жоспарын бекітті.