07:29, 07 Қараша 2013 | GMT +5
Ауыл шаруашылығы өнімдерін тысқары жерлерге де шығаруға мүмкіндік бар - БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы
ОРАЛ. 7 қараша. ҚазАқпарат - Елбасы тапсырмаларына сәйкес қазіргі кезде Үкімет тарапынан да, жергілікті жерлерде де тиісті шаралар алынуда. Осыған орай саланың жай-күйі, алдағы жоспарлар жөнінде БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Өтеғұлов былайша айтып берді.

Оның айтуынша, өңірде мал шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктері мол. Бұл бағытта мал бордақылау алаңдарын бордақылау контингентімен қамтамасыз ету үшін атқарылып жатқан жұмыстарды айтуға болады. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы аясында 2011 жылдан бастап 283 шаруа қожалығы 2670,2 млн. теңге көлемінде несиеге қол жеткізіп, жоспардағы 8500 бас малдың орнына, 13367 бас аналық мал, 560 бас асыл тұқымды бұқашық сатып алды. Тек ағымдағы жылдың өзінде 77 шаруа қожалығына 641,8 млн.теңге несие беріліп, 2100 бастың орнына 3161 бас аналық мал, 183 бас асыл тұқымды бұқашық алынды. Бұл бағдарлама бойынша алынған еркек төлдер мал бордақылау алаңдарына тапсырылуға тиісті. Айта кету керек, БҚО бұл бағдарлама бойынша республикада жоғарғы көрсеткішке ие. Аталған бағдарлама бойынша тек мал бордақылау алаңдарын бордақылау контингентімен толықтыру ғана емес, 30 аналық малға 1 асыл тұқымды бұқашық сатып алу арқылы мал басын асылдандыру жұмыстарын жүргізу де керек. Ол үшін Үкімет әрбір аналық малға 14,0 мың теңгеден демеуқаржы төлеп отыр. Елбасымыз көршілес Ресей еліне ет өнімдерін барынша көбірек шығару қажеттігін үнемі айтып келеді. Биыл Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясына 500 тонна ет жөнелтуді жоспарлап отыр. Экспорттаушы мекеме - Зеленов ауданындағы «Кроун Батыс» ЖШС. Мал бордақылау кешені 2010 жылдың аяғындаіске қосылды, шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтардың ірі қара төлін сатып алып, бордақылап, өткізумен айналысады. Биылғы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша экспортқа шығарылған еттің көлемі 76,8 тоннаны құрайды. 2011 жылы облыста аусыл ауруының шығуына байланысты Ресей Федерациясының «Россельхознадзор» мекемесі тарапынан облыстан шығарылатын мал өнімдеріне шектеу қойған болатын. Бұл сәйкесінше мал өнімдерін экспорттауға көп кедергісін тигізген. Енді осы шектеу биылғы жылдың 1 қазанынан бастап алынып тасталды. Енді ет экспорты жанданады деген үміт мол. Экспорттаушы кәсіпорынның Мәскеу қаласының сауда орындарымен ет өткізу бойынша келісімшарттары бар. Елімізде, сондай-ақ өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түспек емес. 2011 жылдың қыркүйегінде облыста азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мақсатында және сауда интервенциясын іске асыру бағытында азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қоры құрылды. "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» "ҰК" АҚ арқылы 658,5 млн. теңге несие алынып, тұрақтандыру қорына облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен және Қазақстанның басқа да өңірлерінен 127,6 тонна күріш, 64 тонна қарақұмық, 125 мың литр күнбағыс майы, 300 тонна қант, 900 тонна пияз, 600 тонна сәбіз және 4000 тонна картоп сатып алынды. Жеміс-көкөніс өнімдері жақсы шығуына байланысты бүгінгі таңда нарықтағы азық-түлік бағасы төмен. Соған орай сатылмай, қоймада тұрған бау-бақша өнімдерін бұзылудан сақтау мақсатында оларды жабдықтаушыларға кері қайтару жұмыстары жүруде. Бұл іс-шаралармен «Орал» ӘКК» АҚ айналысуда. Ал бакалей өнімдері тұрақтандыру қорының сауда орындары арқылы толықтай өткізілді, енді өсімдік майының қалған бөлігі сатылуда. Ауыл шаруашылығы шикізаттарын қайта өңдеу және өндірістік қуаттылықтың жүктелуін арттыру бағытында жаңа өндіріс орындары ашылып, жұмыс жасап тұрған кәсіпорындар заманауи қондырғылар сатып алып, жаңа өндірістік желілерді іске қосуда. Агроқұрылымдар қондырғыларды сатып алуға несие рәсімдеген кезде пайыздық жарналарының бір бөлігі Ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы бюджеттік бағдарламасы арқылы субсидияланады. Мысалы үшін, өткен жылы «Ақас» агрофирмасы», «Кублей», «Береке» және «Жастық» ЖШС-лар 2 млрд. теңгеден астам несие алды. Сол несиелердің пайыздық жарналарын субсидиялауға аталған бағдарлама бойынша оларға 53,4 млн. теңге демеуқаржы төленді. Үстіміздегі жылы да бұл бағытта жұмыстар жалғасуда. Агроөнеркәсіп кешені нысандарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған «Агробизнес - 2020» бағдарламасы еліміздің Кедендік одақ аясындағы және Дүниежүзілік сауда ұйымына өту қарсаңындағы бәсекелестік кезінде отандық өнім өндірушілерді қажетті мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етпекші. Бағдарлама аясында үстіміздегі жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мемлекет тарапынан 4,4 млрд. теңге қаржы бөлініп, қолдау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 22,3 пайызға артты. Облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары үстіміздегі жылдың 9 айында «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ және екінші деңгейлі банктер арқылы 2,9 млрд. теңге несие ресурстарын алды. Оның 622,1 млн. теңгесі арқылы шаруашылықтар лизингтік негізде 166 дана ауыл шаруашылығы техникасы мен қондырғыларына қол жеткізді. Ағымдағы жылдың тоғыз айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 62,8 млрд. теңгені, соның ішінде өндірілген өсімдік шаруашылығы өнімі 26,9 млрд. теңгені, мал шаруашылығы 35,8 млрд. теңгені, қызметтер 0,1 млрд. теңгені құрады. Физикалық көлем индексі өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 101,4 пайыз, соның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімі 103,5 пайыз, мал шаруашылығы 100,1 пайыз, қызметтер 100 пайызды құрады. Бүгінгі күні өсімдік шаруашылығында дәнді дақылдар, картоп, көкөніс және бақша өнімдерін жинау жұмыстары аяқталды. Дәнді дақылдардың жалпы өнімі 207,5 мың тонна, картоп 62,8 мың тонна, көкөніс 56,5 мың тонна және бақша өнімі 24,5 мың тоннаны құрады. Ол сәйкесінше былтырғы жылғы алынған өнім көлемдерінен дәнді дақылдар бойынша 1,5 есеге, картоп 10,2 пайыз, көкөніс 3,8 пайыз және бақша өнімдері 1,5 пайызға артық. Облыс астық өнімдерін де шетке шығара алады. «Мал шаруашылығы бойынша да жылдың қорытындысымен оң нәтижеге қол жеткізіліп, жалпы ауыл шаруашылығы өнімі өндірісінің көлемінің бағдарламалық индикаторлары орындалады деп күтілуде. Ең бастысы, Елбасы тапсырмалары үнемі назарда болмақ», деп түйіндеді ойын А.Өтеғұлов.