13:01, 05 Қыркүйек 2022 | GMT +5
Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге 423 мың тонна дизель беріледі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан биыл 5,4 млн тоннадан астам дизель тұтынады. Оның 423,5 мың тоннасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бағытталады. ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингіде осындай дерек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге шілдеде - 106,6 мың тонна, тамызда - 145,6 мың тонна тиеп-жөнелтілді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тиеп-жөнелту ерекше негізде жүзеге асырылады және тұрақты бақылауда болады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге барлығы 423,5 мың тонна дизель отынын тиеп-жөнелту жоспарланып отыр», - деді министр.
Сондай-ақ, ол жыл сайын дизель тұтыну көлемі қарқынды үдеп келе жатқанын атап өтті.
«2022 жылға арналған дизель отынын тұтыну болжамы 5,472 млн тоннаны құрайды. Бұл 2020 жылға қарағанда 500 мың тонна және 2021 жылға қарағанда 90 мың тонна артық», - деді Болат Ақшолақов.
Фото: ortcom.kz