Ауыл шаруашылығы саласында игерілмеген қаражаттың басым бөлігі нарықтағы жағдайға байланысты - А. Мамытбеков

АСТАНА. 13 қараша. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы саласындағы игерілмеген қаражаттың басым бөлігі нарықтағы жағдайға байланысты. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай мәлім етті.
None
None

Заң жобасына қатысты депутат Қожахан Жабағиев биылғы жылғы бюджеттің игерілмеуінде Ауыл шаруашылығы министрлігі көшбасшы болып тұрғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, аталған министрліктің игермеген жалпы сомасы 22 млрд. теңге шамасында болып отыр. «Соның ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға бағытталған 1,2 млрд. теңге қаражат та игерілмей қалып отыр. Оған себеп ретінде субсидиялауға тапсырыстардың болмауы айтылады. Бұл қалай? Нашар жоспарлаудың нәтижесі ме? Олай болса субсидиялау бойынша ағымдағы жылдың мамыр айында қаражат неге сұралады?», - дейді депутат Қ. Жабағиев.

Ал Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың айтуынша, ведомствоның 1 қарашадағы жағдайына сәйкес, жалпы кассалық қаражатты игеру көрсеткіші 95 пайызды құрап отыр. «Бюджетті нақтылау барысында саладан қаражатты шегеру нашар орындалып жатқанын ғана көрсетпейді. Бұл бар-жоғы түзету мен нақтылау ғана. Соңғы бес жылда республикалық бюджет осындай тәртіппен екі мәрте түзеліп те келеді», - дейді министр.

Оның айтуынша, игерілмеген 22 млрд. теңгенің басым бөлігі (9 млрд. теңгесі) астықты мемлекеттік сатып алулар бойынша қаражатты қысқартудан үнемделіп отыр. «Биыл астық нарығы теңдестірілді. Біз бұл нарықты тек теңшеп қана отырамыз. Ал астықтың нарықтағы бағасының жоғары болуындағы сатып алулар келер жылғы бюджетке салмақ болатын еді. Сондықтан да, астық сатып алуға қарастырылған қаражатты игерілмеу дегеннен гөрі бюджетті тиімді пайдалану деп қараған дұрыс. Біз биыл тек 180 мың тонна астық сатып алуды қарастырдық, ал жоспарымызда 500 мың тонна болатын», - дейді министр.

Бұдан бөлек, ведомство басшысы игерілмеген қаражаттың және бір негізгі бөлігі субсидиялар бойынша жергілікті атқарушы органдардың тапсырыстарының түзетулеріне байланысты екенін алға тартады. «Субсидияның барлық дерлік сомасы жергілікті атқарушы органдардың өтініші мен тапсырысы негізінде қалыптасқан болатын. Алайда түрлі себептерге орай асыл тұқымды малды сатып алу бойынша жұмыстар атқарылмады. Сөйтіп, игерілмеген қаражаттың басым бөлігі нарықтағы жағдайға қатысты болып табылады», - деді А. Мамытбеков.

Соңғы жаңалықтар