Ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарлылығын қалпына келтіру жөнінде мемлекеттік бағдарлама қажет - Т. Есполов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарлылығын қалпына келтіру жөнінде мемлекеттік бағдарлама қажет. Бұл туралы бүгін Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық университетінде өткен ТМД елдерінің жетекші агралық жоғары оқу орындарының ректорлар Кеңесінің қорытынды отырысында ҚазҰАУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы Тілектес Есполов мәлім етті.
None
None

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығындағы жерлердің құнарлылығын арттыру, пайдалану тиімділігін қалпына келтіру - ел дамуындағы басымды бағыттардың бірі.

«Қазақстанда аграрлық сектордың әлеуеті өте жоғары. Дегенмен, ол әлі де тиімді пайдаланылмай жатыр. Мысалы, Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында пайдаланылатын жерлердің жалпы көлемі - 215 млн. гектар. Бұл жерлердің тек жартысына жуығы ғана аграрлық шаруа қожалықтарының иелігінде, қазір. Соңғы 20 жыл ішінде егістік жерлердің құнарлылығы 30 пайызға дейін төмендеп кетті. Ал суармалы жерлердің көлемі 2,5 млн. гектардан 1,1 млн. гектарға дейін азайды. Ал бұл, дәнді дақыл бойынша түсімділігі гектарына 15 центнер болатын 7-8 млн. гектар егістік жерден айрылумен тең. Сондықтан, Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарлылығын қалпына келтіру жөнінде мемлекеттік бағдарлама қажет. Өйткені, ауыл шаруашылығын дамыту - ел дамуындағы басымды бағыттардың бірі», - деді Т. Есполов.

Айта кетелік, 3 күнге созылған ректорлар Кеңесі отырысына ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, 10 ТМД елдерінен 30-дан астам ЖОО ректорлары, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілдері, Қазақстанның жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының ректорлары, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, тәжірибе-эксперименттік және тәжірибе шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.

Соңғы жаңалықтар