Ауыл шаруашылығын дамыту ісіне, осы саланың тауар өндірушілерін қолдауға Парламент депутаттары да атсалысуда

Осы бағытта мемлекеттік деңгейде қандай жұмыстар жүргізілуде? Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Әлихан Тойбаев өз ойларын ортаға салады.
- Әлихан Әбдіханұлы, Сіз ауыл және ауыл шаруашылығы мәселесіне бей-жай қарамайтын азаматтардың бірісіз. Депутаттық қызметке дейін аудандарда жауапты қызметтер атқардыңыз. Бүгінгі таңда ауылдардың жағдайын жақсарту үшін ауыл шаруашылығы өнеркәсібін дамыту қажет екені белгілі. Соған орай алдағы уақытта қандай іс-шаралар жүзеге асырылмақшы?
- Қазақтың жаны - ауыл. Қазір шамамен 7,48 млн. адам немесе Қазақстан халқының 45 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Ауылда туып, туған жердің қадірін білетін әрбір азамат үшін өңірлердің жаңа заман ағымынан қалып қоймай, өркендеп дамуы аса маңызды мәселелердің бірі екені анық. Әлемдік деңгейде халықты азық-түлікпен қамту өзекті мәселеге айнала бастаған қазіргі кезеңде сапалы әрі экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндіруге баса маңыз беріліп отыр.
Жер байлығы мол елдің бірі ретінде Қазақстан да жаһандық өзгерістерге үстірт қарамайтыны белгілі. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауларында агроөнеркәсiптік кешен (АӨК) саласын дамытудың маңыздылығы туралы мәселе көтеріп, Үкіметке нақты тапсырмалар беріп келеді.
Атап айтқанда, 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауыл шаруашылығын ауқымды жаңғырту қажеттігін мәлімдеді.
Елбасы біздің алдымызда әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру мақсаты тұрғанын атап өтті. Ол үшін егістік алаңын ұлғайту, жаңа технологиялар енгізу есебінен егістік түсімін елеулі көтеру, әлемдік деңгейдегі мал шаруашылығы жемшөп базасын құру үшін үлкен әлеуетке ие болу міндеттерін алға қойды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз экологиялылыққа баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер құруға тиіспіз. Нәтижесінде мен агроөнеркәсіптік кешеннің алдына - экологиялық таза өндіріс саласындағы жаһандық ойыншы болу міндетін қоямын», -деді.
Елбасының айтуынша, жер өңдеу мәдениетін өзгерту және жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді жаңғырту қажет. Аса ірі экспорттық нарықты меңгеру үшін қай азық-түліктің жаппай өндірісін басты етіп қоюды айқындау керек. Алынған шаралардың нәтижесінде 2050 жылға қарай ел ІЖӨ-дегі ауылшаруашылық өнімінің үлесі 5 есе артуы тиіс. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысы Үкіметке арнайы жаңа бағдарлама әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Соның ішінде ең жаңа агротехнологияларды қолдануға бағытталған орта және ірі тауарлық ауылшаруашылық өндірістерін құру жөніндегі заңнамалық және экономикалық ынталандыру жүйесін тұжырымдау міндеттерін қамтуды жүктеді.
Соған орай Үкімет өте қысқа мерзім ішінде Қазақстан Республикасында агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту жөнiндегi 2013 - 2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасын әзірледі. Бұл құжат Үкiметтiң 2013 жылғы 18 ақпандағы арнайы № 151 қаулысымен бекітілді.
- Осы бағдарламаның маңыздылығы туралы айтып өтсеңіз?
- Бағдарламаны әзірлеушілер кіріспе сөзінде аталған саланың кешеуілдеп дамып келе жатқанына тоқталған. Қазiргi уақытта әлемдiк аграрлық экономика мен демографияның жаңа үрдiстерi қалыптасуда, өңiрдегi ықпалдастыру процестерi нақты дами бастады, жаһандық климаттық өзгерiстер болуда. Қазақстан Кеден одағына кiрдi, таяу кезеңде Дүниежүзiлiк сауда ұйымына (ДСҰ) кiруi жоспарлануда. Алайда, саладағы еңбек өндiргiштiгiнiң төмен деңгейi, пайдаланылатын технологиялардың жетiлдiрiлмегендiгi, өндiрiстiң ұсақ тауарлы болуы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн қарқынды негiзде жүргiзуге, материалдық, еңбек және басқа ресурстарды неғұрлым толық пайдалануды қамтамасыз етуге, экологиялық талаптарды сақтауға мүмкiндiк бермейдi. Осы факторлар отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабiлеттiлiгiн төмендетедi, бұл ДСҰ мен КО жағдайларында шетелдiк өнiм импортының басым болуына, жергiлiктi өндiрушiлердi өткiзу нарықтарынан ығыстыруға әкелуi мүмкiн.
Азық-түлiк өнiмдерiн тұтынудың қарқынды өсуiмен және тұтыну құрылымының неғұрлым сапалы өнiмдер жағына қарай өзгеруiмен ел халқының өсуi орын алуда. Елдi азық-түлiкпен қамтамасыз етудегi, халықты жұмыспен қамтуды арттырудағы және республиканы экономикалық дамытудағы ауыл шаруашылығының рөлiн Мемлекет басшысы үнемі айтып келеді.
Сыртқы және iшкi ортаның өзгерген жағдайларында саланы мемлекеттiк реттеу мен жаңғыртудың жаңа тетiктерiн қолдану қажеттiлiгiне байланысты елімізде АӨК-тi дамытудың жаңа салалық бағдарламасы әзiрленіп отыр.
- 2020 жылдарға дейін межеленген бағдарлама қалай жүзеге асырылғалы тұр?
- Бағдарлама екi кезеңде iске асырылатын болады. Бiрiншi кезең 2013 - 2015 жылдарды қамтиды. Осы жылдар ішінде АӨК-тi дамытудың берiк iргетасын қалау қажет. Бiрiншi кезеңде 17 мәселені шешу міндеті айқындалған. Соның бірі - бағдарламада көзделген мақсаттарға қол жеткiзу, мiндеттер мен iс-шараларды шешу үшiн заңнамалық базаны қалыптастыру. Нәтижесiнде саланы одан әрi дамыту үшiн барлық жағдай жасалады.
Ал 2016 - 2020 жылдарды қамтитын екiншi кезеңде ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң өндiрiс көлемiн елеулi түрде өсiру, барлық негiзгi тамақ өнiмдерi бойынша Қазақстанның импортқа тәуелдiлiгiн қысқарту, экспорттық әлеуеттi iске асыру, бағдарламада қойылған мақсаттарға қол жеткiзу қажет.
Бағдарлама тиімді орындалған жағдайда күтiлетiн нәтижелерге келсек, мемлекеттiк реттеудiң тиiмдi шараларын пайдалану, АӨК бизнесiн дамыту үшiн қолайлы жүйелi жағдайлар жасау, қамтамасыз етушi инфрақұрылымды дамыту, секторға тартылатын орташа жылдық инвестицияларды екi есе арттыру, өнiмдiлiктi өсiру нәтижесiнде бағдарламаның негiзгi нысаналы индикаторларына қол жеткiзіледі. АӨК субъектiлерiн субсидиялау есебiнен 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығын мемлекеттiк қолдау көлемiн 4,5 есе арттыру мақсаты көзделіп отыр. Бағдарламада көзделген iс-шараларды қаржыландыру мемлекетіміздің заңнамасына сәйкес тиiстi қаржы жылына арналған республикалық және жергiлiктi бюджеттердi бекiту кезiнде нақтыланатын болады.
- Аталған саланы дамыту үшін қолданыстағы заңдарды да жетілдіріп отыру керек қой. Осы мақсатта қандай жұмыстар жүргізілуде?
- Ауыл шаруашылығын дамыту ісіне, осы саланың тауар өндірушілерін қолдауға Парламент депутаттары да атсалысуда. Осы орайда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасы әзірленді. Бұл заң жобасы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге және «Агробизнес-2020» агроөнеркәсіп кешен саласын дамыту бағдарламасы шеңберінде ауылшаруашылық тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдаудың жекелеген бағыттарын жүзеге асыруға бағытталған. Осы заң жобасына Парламент депутаттары Қабиболла Жақыпов, Серік Біләлов, Жексенбай Дүйсебаев, Роман Ким, Серік Үмбетов, Рауан Шаекин бастамашылық жасаған болатын.
Заң жобасы Парламент Мәжілісінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі қаулысымен заңмен жұмыс жасау өндірісіне алынды. Бүгінгі таңда заң жобасы бойынша Аграрлық комитет - бас комитет ретінде заң жобасымен жұмыс жүргізуде. Заң жобасы бойынша көптеген түзетулер ұсындық. 6 қараша күні Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында осы заң жобасы бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды. Енді екінші оқылымға дайындалады.
Заң жобасымен еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне, Жер, Еңбек және Бюджет кодекстеріне, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы», «Ветеринария туралы», «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы», «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы», «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Заң жобасында Үкіметтің, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы уәкілетті органның және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері нақтыланған.
Елімізде агроөнеркәсіп кешенін әрі қарай дамыту сектор дамуының бірқатар негізгі проблемаларын шешуге жаңа тұжырымдағы тәсілмен келуді талап етеді. Жаңа бағдарламада АӨК субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдайлар жасауға баса назар аударылған. Осылайша, отандық өндірушілер Кеден одағы және алдағы ДСҰ-ға кіру шеңберіндегі бәсекелестік күресте қажетті мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етіледі.
Агробизнес-2020 бағдарламасы мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын қарастырғанын ескерсек, қажетті нормативтік-құқықтық қор құру жұмыстары атқарылуда.
- Агробизнес-2020 бағдарламасын іске асырудың заңнамалық нормалары жан-жақты қамтылған ба?
- Заң жобаның негізгі нормалары осы мәселелерге құқықтық негізді құруға бағытталған.Атап айтқанда, қарыздарды кепілдендіру және сақтандыру нормасы енгізілуде.
Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешен субъектілерінің инвестициялық субсидиялар тетігін енгізу жаңа немесе қолданыстағы өндірістік қуаттылықты кеңейтуге бағытталған инвестициялық салымдардың күрделі қаражат көлемдерін және оның өтемділік мерзімін төмендету мақсатында «Агробизнес 2020» бағдарламасы шеңберінде инвестициялық субсидияны төлеу тетігі қарастырылған. Яғни, инвестиция салу кезіндегі агроөнеркәсіптік кешені субъектілерінің жұмсалған шығындар бөлігін өтеу көзделген. Бұл заңдық нормалар ауыл шаруашылық өндіріске инвестицияларды ұлғайтуға, агроөнеркәсіп кешеннің басым бағыттарын дамытуды ынталандыруға бағытталған.
Сонымен бірге заң жобасында жерлерді ұтымды пайдалану үшін қамтамасыз ететін нормалар енгізілген. Еліміз үшін агрохимиялық қызмет көрсету саласы да өте маңызды. Ауыл шаруашылық өндірістеріне ақылы агрохимиялық қызмет көрсету бойынша Бюджеттік кодекске өзгертулер енгізу көзделген. Аталған түзетулерді қабылдау ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлердің құнарлылығын және олардың ұтымды пайдалану мониторингін тиімді көтерілуін қамтамасыз етеді, нәтижесінде ауыл шаруашылық дақылдардың шығымдылығын көбейтуге қол жеткізіледі.
Және бір маңызды мәселе бар. Заң жобасында ветеринариялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік шаралары қарастырылған. АӨК субъектілері жауапкершілігін арттыру көзделді, Мұндай жауапкершілік шаралары ветеринариялық заңнама нормаларын іске асыруда оң әсерін тигізеді және эпизоотиялық қолайлылықты қамтамасыз ету және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін, ветеринариялық заңнама нормаларын іске асыру үшін аса қажет.
Жергілікті деңгейде ветеринария жүйесін жетілдіру үшін ауылдық округ деңгейінде тәжірибелі ветеринария дәрігерлер санын көбейту қажет. Сондай-ақ мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтауға республикалық бюджеттен арнайы қаражат бөлінетін болады.
Заң жобаны қабылдау құқықтық негіз құруға және мүлдем жаңа бірқатар тұтас мемлекеттік қолдау құралдарын қаржыландыруды қамтамасыз етуге және іске асыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы, елімізде агроөнеркәсіп кешенінің дамуына ықпал ететін болады.
- Әңгімеңізге рақмет.