Ауыл жастары мемлекеттік қолдаудан шет қалмауы керек - Б. Смағұл

Депутат сауал барысында Мемлекет басшысының былтырғы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында, әсіресе, жаңа буын қазақстандықтарға зор сенім артылғанына тоқталып өтті. Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы да бекітілген болатын. Аталмыш тұжырымдамада ауыл жастарын жұмыспен, тұрғын үймен қамту, білім берудің қолжетімділігін арттыру секілді өзекті дүниелер қарастырылады. Жастар арасындағы экстремизмнің алдын алу мен оған тосқауыл қою шаралары да қамтылған.
«Бұл бағыттағы ауқымды жұмыстарды қаржыландыру тетігі де қарастырылған. Мәселен, 2013 жылы жастар саясатын қаржыландыруға ел бюджетінен 1,5 млрд. теңге бұйырса, оның ішінде 590 млн. теңгесі әлеуметтік тапсырыс арқылы бөлінеді. Жергілікті бюджеттен қосымша 2 млрд. теңге қаралады. Осылайша, қаржыландыру жыл сайын артпаса кемімейді. Ал қазіргі таңдағы басты міндет - бұл жастар саясатына жұмсалған әрбір тиынның тиімді, мақсатына сай болуына бақылау орнату. Қазынадан бөлініп жатқан қыруар қаражаттың қайтарымы, нәтижесі болуы шарт. Миллиардтаған қаражат «құмға сіңген судай» ізім-қайым жоғалмай, керісінше қордалы проблеманы шешуге жұмсалуы тиіс», - деді Бақытбек Смағұл. Депутат сөз арасында ауыл жастарының мәселесі ерекше өзекті екенін алға тартты. Өйткені, жастар саясатының іске асырылуын талдау барысында шаралардың қала жастарымен, қалада оқитын студенттермен шектеліп жатқаны байқалған. Ал ауылдағы жұмыссыз жастар мемлекеттік қолдаудан тыс қалып жатыр.
«Қазақстандағы 4 млн. 700 мың жастың тең жартысы ауылда тұрады. Ендеше оларға сол деңгейден кем болмайтындай қолдау болғаны ләзім. Өйткені, ауылдағы жеткіншектердің проблемалары қаладағы құрдастарымен салыстырғанда көп», - дейді Бақытбек Смағұл.