Ауыл жастарымен жүздесуде аяқ су, тыңайтқыш, өнім өткізу мәселесі талқыланды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапарын Сырдария ауданынан бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл жастарымен жүздесуде аяқ су, тыңайтқыш, өнім өткізу мәселесі талқыланды

Елімізде өңірлерді дамыту бағытында нақты істер жүзеге асып келеді. Осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмаларынан туындайтын міндеттерді нақтылау – Сенат жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі. Жергілікті жерлердегі түйінді мәселелерді түбегейлі шешуде ауыл адамдарының ұсыныс-пікірлері өте маңызды екені белгілі.

Президенттің ерекше екпін берген экономиканың басым бағыттарының бірі – ауылдық жерлерді дамыту. Мемлекет басшысы «Ауылдық аумақтарды дамыту мәселесі туралы» Жарлығын қабылдады. Бұл Парламентке де үлкен жауапкершілік жүктейді.

«Сенат Төрағасының бастамасымен құрылған «Өңір» депутаттық тобының басты жұмыс бағыты да – аймақтармен өзара байланысты нығайтып, заң шығарушылық саласына жергілікті мәслихат депутаттарын қатыстыру. Сапар барысында Мәжіліс депутаттары Мұрат Ергешбаев және Мархабат Жайымбетовпен бірге бірқатар елді мекендерді аралап, ел азаматтарымен кездесті. Алдымен аудан орталығынан алшақ жатқан Айдарлы ауылы аумағындағы егіс даласында жастардың еңбек бригадасы жұмысына назар аударылды. Бригадада 20 адам жұмыс істейді. Еңбекке епті, бейнетке бейіл азаматтар жердің берекесіне барынша ықылас қойған. Ал оларды толғандыратын мәселе – жылдан-жылға көлемі артып келе жатқан егістік жерді тұрақты аяқ сумен қамту, тыңайтқыш жеткізу және өндірген өнімдерін болашақта тиімді бағаға өткізу.

Әрине, болашақта аяқ судан тапшылық көрмей, оны жеткілікті көлемде тұрақты жеткізу мүмкіндігі ең әуелі дариядағы судың деңгейіне байланысты. Бұл – үлкен сұраныстағы үміт. Екінші кезекте каналдарды тазалау және техникалық құрылғыларды жөндеуден өткізу де күттірмейтін мәселе. Сырдария суының бүгінгі жайы белгілі. Мұны ерте бастан ескерген айдарлылық азаматтардың суды аз қажет ететін және экономикалық тұрғыда тиімді дақылдарды көптеп егуге деген бетбұрыстары қуантты», - деді Руслан Рүстемов.

Оның айтуынша, қазіргідей қымбатшылық пен баға тұрақсыздығы кеудеден қысып тұрған кезеңде сырттан көкөніс, бақша өнімдерін тасымалдамауға негіз жоқ. Оны өзімізде өндіру үшін ауылдық елді мекендердегі жұмыс жасауға ниеті бар, еңбек етуге епті, талапты жастардың осындай нақты бастамаларын Үкімет әрдайым қолдап, қуаттауы қажет.

«Шаруақор жастардың назарына алдағы уақытта Парламентте «Су кодексі туралы» жаңа заң жобасын қабылдау жоспарланғанын және оған енгізуге қажетті нақты ұсыныстарын тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қарауға дайын екенімізді жеткіздік. Жалпы ауданда бұдан бөлек тағы 6 ауылда осындай жастар бригадасы құрылған. Олардың құрамында жұмыссыз, NEET санатындағы, пробация есебінде тұрған 200-ге тарта жас пайдалы еңбекке тартылған. Бөлінген 60 гектарға жуық жердің 35 гектарына картоп, 25 гектарына бақша дақылдары егілген. Мұндай мәлімет біз үшін маңызды», - дейді Сенат депутаты.

Аудандағы жұмыс сапары одан әрі Айдарлы ауылында жуырда пайдалануға берілген елді мекенді электр желілерімен жабдықтау, Қалжан ахун ауылындағы газдандыру, Қалжан ахун, Асқар Тоқмағамбетов ауылдарындағы фельдшерлік акушерлік пункттерді күрделі жөндеу, Тереңөзек кентіндегі жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысумен жалғасты. Сонымен бірге Амангелді ауылындағы мәдениет үйінде жұршылықпен кездесу, аудан орталығында азаматтарды қоғамдық қабылдау шаралары өткізілген.