Ауылда тұратын жеке кәсіпкер «Парыз» сыйлығымен марапатталды
«Біз негізінен білім беру және денсаулық ұйымдарын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету қызметімен айналысамыз. Әлеуметтік саланың дамуына барынша атсалысып келеміз. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға қолғабыс жасауды да назардан тыс қалдырған жоқпыз. Жыл сайын екі-үш адамға қамқорлық жасаймыз немесе мүгедек болса да, мамандығына орай жұмысқа аламыз. «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі сыйлығына ие болуымызда біздің осы қырымыз назарға алынған болуы керек», - дейді Б.Жұмағұлова.
Жеке кәсіпкер Астанада алғаш рет болғанын, үлкен әсер алғанын жасырмады. ХХІ ғасырдың қаласы болып танылған осындай Елордамыз болғанына өте қуанатынын айтты. Тәуелсіздік сарайында өткен марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзін ерекше ықыласпен тыңдағанын жеткізді. «Бұған дейін Елбасының Жолдауларын телеарнадан естіп келген болсам, мен ол күні үлкен залда отырып, Президенттің өзімен пікір алмасқандай әсер алдым. Елбасы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығын табысты аяқтап отырғанымызды айтты. Бұл жеткен жетістіктердің барлығы еңбек адамдарының арқасында, олардың жұмыла жүріп атқарған жұмысының, ерен еңбектерінің нәтижесі екенін баяндады. Жалпы, алған әсерім зор. Енді Елбасы берген тапсырмаларды, айтқан ойларын өз ұжымымдағы қызметкерлерге де жеткіземін. Біздің қол жетізіп отырған жетістіктеріміз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының алғашқы нәтижелері деп білемін»,- деді жеке кәсіпкер.