Ауылдағы өзекті проблемалар қалай шешіліп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде ауыл тұрғындарының саны 7,7 миллионан асып, елдегі жалпы халықтың 41%-ын құрап отыр. Ел тұрғындарының жартысына жуығын ауыл азаматтары құрайтынын ескерсек, елді мекендердегі инфрақұрылым мәселесі, табысты арттыру, интернет, ауыз су, сондай-ақ өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері өте өзекті. Мәселен, салыстырып қарасақ, 2021 жылғы мәліметтер бойынша, ауыл мен қаладағы халықтың ақшалай табысының айырмашылығы 38%-ды құраған. Сондықтан да ауыл халқының табысын арттыру бойынша кешенді іс-шаралар атқарылу керек дейді мамандар. Осыған байланысты 28 шілдеде «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесе отырып, «Ауыл АМАНАТЫ» жобасы бойынша ауқымды ақпараттық марафонды бастаған еді. Оның мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын, әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыруға көмектесу болып отыр. Осы тұста жалпы марафон қалай іске асады? Жоба аясында ауылдардағы қандай проблемалар шешімін табады? Қандай мәселелерге басымдық беріледі? Ауыл тұрғындары қай мәселелердің шешілгенін қалайды? Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.
None

2022 жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын» бекіткен болатын. Сөйтіп Президент Үкіметке Парламент Мәжілісінің отырысында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралардың тізбесін ұсынуды тапсырды. Осы тапсырманы жүзеге асыру аясында халықтың, әсіресе, ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынды.

1 тамыздан бастап «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесі ауыл тұрғындарына, атап айтқанда, ауыл кәсіпкерлеріне қолжетімді мүмкіндіктерді түсіндіруге көшті. Мәселен, жылдық 2,5%-бен жеңілдетілген несиені қалай алуға болатыны, не үшін кооператив құру керек, сонымен қоса мемлекет құрал-жабдықтарды лизингке беруге көмектесе ме деген секілді сауалдарға жауап беріп жатыр.

Жамбыл облысындағы пилоттық жоба

2019 жылы халықтың табысын арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында Жамбыл облысында пилоттық жоба іске қосылды. Оған республикалық бюджеттен 7,2 млрд теңге бөлінді. Жоба аясында 2,5 пайыздық мөлшерлемемен қолма-қол ақша берілді. Аталған бағдарламаға қатысу үшін 11 ауылды округ таңдалып алынған. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар саны 3 есеге азайып, ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе көбейген. Сонымен қоса жұмыссыздар саны 36%-ға азайған.

Бұл бағдарлама бес бағыт бойынша жүзеге асырылды:

- шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану;

- мал мен құстың өнімділігін арттыру;

- жем-шөп пен жайылым мәселесін шешу үшін үлестік жер учаскелерін ұтымды пайдалану;

- кооперативтерді қажетті техникамен жабдықтау;

- ауылдағы кәсіпкерлік жобаларды қаржыландыру.

Бұдан біз ауылдағы жаңа экономикалық саясаттың негізі қалай қалыптасып жатқанын көріп отырмыз. Бұл басқа өңірлердегі ауыл тұрғындары үшін кепілдендірілген табыс көзі бар тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз, халықтың, әсіресе ауылдан жастардың кетуін азайту және тұрғындар арасындағы әлеуметтік шиеленіс деңгейін төмендетуге көмектеседі.

Жоба қалай жұмыс істейді?

Жоба аясында әр аудан/ауылда сауалнама жүргізіледі. Ауылдарда скрининг арқылы статистикалық ақпарат алғаннан кейінғ әр елді мекеннің еңбек, қаржылық және басқа да ресурстарына назар аудара отырып, географиялық белгілері бойынша сандық көрсеткіштер жинақталатын болады.

Статистикалық мәліметтерді талдауды «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесі жүргізіп, ауылдың мамандануы мен әлеуетті кәсіпкерліктің бағытын анықтап, жергілікті әкімдіктерге қандай көмек көрсету керектігін анықтайтын болады. Зерттеу нәтижелері қай өңірлерде қандай дақылдарды өсіруге қолайлы екенін, олардың аумағында қандай өндірістерді ашуға болатынын анықтауға мүмкіндік береді.

Мәселен, ірі қара мал өсіруге, құс шаруашылығын дамытуға, нан пісіру/кондитерлік өндірісін жетілдіруге, туризмді дамытуға жеңілдікпен несие алуға болады. Ал кепілдік мүлік болмаған жағдайда, тұрғындар меншік иесінің келісімімен нотариалды түрде кепілдік бере отырып, туыстарынан немесе достарынан көмек сұрай алады.

«Скрининг нәтижелері бойынша аймаққа бөлінетін бюджеттік несиенің көлеміне және ауылдарды кредиттеу қажеттілігіне байланысты облыс әкімдіктері келесі жылы жобаға қатысатын ауылдық округтерді айқындайтын болады. Жоба бойынша микронесие алуға үміткерлер жұмыссыздар және жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттары болуы мүмкін, мысалы, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер»,-деп атап өтті «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

Ауылды жерлерде қандай нақты проблема бар?

Әр өңірде географиялық, демографиялық және тағы басқа ерекшеліктеріне байланысты әлі күнге шешімін таппаған проблемалар жетерлік. Көп жағдайда ауылда төмендегідей мәселелер проблема ретінде көтеріледі:

- бос ауыл шаруашылығы алқаптарының (шабындықтар, жайылымдар, егіс алаңдары) болмауы;

- несиенің жеткілікті мөлшерін алуға мүмкіндік бермейтін үйлер құнының төмен болуы;

- интернет сапасының төмендігі. Мәселен, Egov-тан анықтамалар алуға, Qoldau платформасын және басқа да мемлекеттік қызметтерді пайдалануға мүмкіндік жоқ;

- азаматтардың мемлекеттік бағдарламаларға сенімсіздігі;

- ауыз судың болмауы немесе жүйелілік проблемалары;

- мамандандырылған техниканың болмауы. Мәселен, қысқы уақытта ауылдар оқшауланып қалады.

- электр желілері қуатының төмендігі.

Жоба аясындағы зерттеу нәтижесіне сүйенсек, әр облыс не өңірдегі проблемалардың әртүрлі екенін көреміз. Мәселен, Қызылорда облысының кейбір ауылдарында ғана ауыл шаруашылығы дамып келеді, ал кей аудан-ауылдарында жайылым мен егіс алқаптарының жетіспеушілігі бар. Аудан тұрғындары интернеттің сапасыздығын, тіпті кейбір аудандарда оның жоқтығын атап өткен.

Ал Батыс Қазақстан облысында инфрақұрылым мәселесінің дұрыс жолға қойылмағаны анықталған. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту үшін, әсіресе, жолдың сапасы секілді проблемаларды жедел шешу қажеттігі белгілі болған. Сонымен қоса облыс тұрғындары мал шаруашылығын дамытуға жер тапшы екенін айтып, шағымданған. «Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындар, көптеген басқа аудан тұрғындары сияқты егіншілікпен айналысқысы келеді, олардың тәжірибесі бар және өз мүмкіндіктерін кеңейтуге дайын, сондықтан бірлескен жұмыс үшін кооперативтер құруды, жем-шөп пен техниканы арзан бағамен сатып алуды тиімді деп санайды»,-дейді жобаны ұйымдастырушылар.

Бұдан басқа Атырау облысында инфрақұрылымды құру және ауыз су тапшылығы мәселесінен бөлек, өздері өндіретін саланы дамытуға және жетілдіруге мүдделі жастарды оқыту қажет екенін алға тартады. «Олардың айтуынша, белгілі бір салада білім жеткіліксіз, дәл қазір туған жерге пайдалы болу үшін кәсіпкерлік негіздерін меңгеру маңызды дейді»,-мобильді топтың тренері Зульфия Көбеева.

Ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерін талқылау кезінде тұрғындар экономикалық проблемалардан бөлек, әлеуметтік мәселелерді, атап айтқанда, жастардың бос уақытын ұйымдастыру мәселесін атап өткен. Жастар – құнды стратегиялық ресурс және елдің адами капиталын қалыптастырады. Сондықтан Қазақстанда жастар саясаты - мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Сондықтан да, зерттеу нәтижесі бойынша, ауыл азаматтары жастардың табысты әлеуметтенуі және олардың рухани, мәдени-ағартушылық, кәсіби және физикалық дамуы үшін жағдай жасау қажеттілігінің маңызыды екенін айтып өткен.

Еске салайық, «Ауыл АМАНАТЫ» жобасы аясындағы ақпараттық жұмыстар 1 тамыздан бастап жүргізіліп, 10 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы 40 күнге созылатын марафон барысында 250 мыңнан астам ауыл тұрғындары бағдарламамен егжей-тегжейлі танысады.

Ал 2023-2025 жылдар аралығында бағдарлама аясында республиканың барлық өңіріне жобаны іске асыруға жыл сайын бюджеттік кредиттер бөлу қарастырылады. Заңнамаға түзетулер пакеті қазірдің өзінде дайындалды, оның қабылдануы қаражат алу механизмін айтарлықтай жеңілдетеді және жобаны іске асырудың тиімділігін арттырмақ.


Соңғы жаңалықтар