Ауылдарда мал ұрлығы асқынып тұр
- Алдан Зейноллаұлы, депутаттық сауалыңызға негіз болған мәселені ашып айта кетсеңіз?
- Біздер жазғы демалыс кезінде бірқатар аймақтарға барып, кездесулер өткіздік. Қарағанды облысының Жаңаарқа, Ұлытау секілді ірі малды аудандарының қазіргі әлеуметтік-экономикалық ахуалымен таныстық. Ел-жұртпен кездескен күндерде бірнеше өзекті мәселе көтерілді. Бізбен жүздескен адамдар ауыл экономикасының жүйелі дамып келе жатқанын, мал басы көбейе түскенін айтты. Ауыл тұрғындары күні кеше іргесі шайқалған шаруашылықты қалпына келтірумен айналысса, енді нығая бастаған сол шаруашылықты одан әрі өркендету мақсатын көздеп отыр.
- Ауыл еңбеккерлерін негізінен қандай мәселелер толғанырады екен?
- Ауыл тұрғындарының алға қойған мақсаттарының ойдағыдай орындалуына кедергі келтіріп отырған қиындықтардың бірі - өріс толған малдың уақытында өтпеуі. Ірі қалаларға ондап, жүздеп мал апару екінің бірінің қолынан келмейді. Апарған күнде қыруар кедергіге тап болады. Қалалардың кіреберісінен мал әкелушілерді тосып тұратын, әдейі ұйымдастырылған тексерулер базарлар мен сауда орындарындағы делдалдардың алдап-арбауымен аяқталады. Сондықтан да малды мемлекет екі жаққа тиімді бағамен сатып алса, ауыл тұрғындарына да едәуір жеңілдік болар еді.
Осы мәселе ұдайы көтеріліп келеді. Бірақ шешімі табылатын емес. Жағдай осылай жалғаса берсе, мұның соңы шаруа қожалықтарының төрт түліктің санын амалсыз қысқартуына әкеліп соғады. Өйткені көбейген малдың бағуына кететін шығын одан алынатын табыстан асып түсуде. Мұны Ауыл шаруашылығы министрлігі білмей отырған жоқ. Министрліктің елден малды «ҚазАгро» АҚ арқылы ұйымдастырылған түрде сатып аламыз дегеніне екі жыл өтті. Алайда, нақты іс-қимыл байқалмайды.
Осыны ескере отырып, мен депутаттық сауалымда Үкімет басшысы аталған өзекті мәселеге назар аударуын, ауылдағы қыруар еңбекпен өсірілген малдың әуре-сарсаңсыз және делдалсыз, жоспарлы түрде сатып алынуын қамтамасыз ететін тиімді шаралардың ойластырылуына ықпал жасауын сұрадым. Ауыл экономикасын дамытудың қазіргі оңтайлы жолдарының бірі осы.
- Сайлаушылар тағы қандай өзекті мәселелерді айтты?
- Аудандар жұртшылығы көтерген екінші мәселе - малды асылдандыру. Төрт түліктің сапасын жақсартып, өнімділігін арттыруға ұмтылған шаруа қожалықтары көп. Бірақ ғылымға негізделген малдәрігерлік қызметті қажет ететін бұл шаруаны олар өз күшімен атқара алмайды. Соған орай жеке меншіктегі мал тұқымын асылдандыруға арналған арнаулы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы қажет деп есептейді. Бұл да күн тәртібінде тұрған өзекті шаралардың бірі. Егер республикадағы көпшілік сауда орындары арқылы ел алатын ет өнімдерінің 80 пайызына жуығы осындай жеке меншіктегі малдан өндірілетінін ескерсек, аталған мәселенің маңызы арта түседі.
Үшінші мәселе - мал ұрлығы. Ауылдарда мал ұрлығы асқынып тұр! Ұзақ уақыт өсіріп көбейткен үйір-үйір жылқыдан бір-ақ күнде айырылып қалған қожалықтар әр ауылдан табылады. Ұрлық ай санап емес, апта сайын болып жататын дертті құбылысқа айналған. Барымташылардың ұйымдасқан, осындай қарақшылыққа әбден маманданған, құқық қорғау орындарында тірек-қорғаны бар ірі топтар екендігіне ел әбден көз жеткізген. Өйткені ондап-жүздеп айдап әкеткен аяқты мал ешқашан табылмайды.
Ауылдағы елді қажытуға айналған осы ұрлықты болдырмаудың жолын тауып, ықпалды шара қолдануды халық қайта-қайта сұрап отыр. Құқық қорғау орындарының бұл мәселемен атүсті емес, жүйелі де тұрақты айналысуы қажет.
Шалғайдағы елдің осындай өзекті өтініштері Үкіметтен де, Парламенттен де жанашырлық пен жауапкершілікті күтеді.