Ауылдың жұлдызы жанған жыл
Кеше Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған еліміздің агроөнеркәсіп қызметкерлерінің республикалық форумы болып өтті. Оның жұмысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.
Биылғы жылдың ерекше берекелі жыл болғандығы белгілі. Отан қамбасына бұрын-соңды болмаған мол астық құйылды. Басқа да ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі жоғары болды. Сөйтіп, диқан қауымы Тәуелсіздік мерекесіне үлкен тарту жасай білді. Агроөнеркәсіптік саланың басқа да секторларында дамудың қарқындылығы көрініс беріп отыр.
Сондықтан еліміздің агроөнеркәсіп саласы қызметкерлерінің маңдайалды өкілдері осынау үлкен форумға жақсы көңіл-күймен келді деп айтуға болады. Аталған концерт залында 2 мыңнан астам адам бас қосты.
Форум басталмас бұрын аталған концерт залында ауыл шаруашылығы саласының табыстарын әйгілейтін көрме ұйымдастырылды. Қонақтардың барлығы дерлік ол көрмені аралап, өздерінің жылы лебіздерін білдіріп жатты. Сонымен қатар сала жетістіктеріне арналған фильм тамашаланды.
Жиналған қауым Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты үлкен қошеметпен қарсы алды. Сонан кейін-ақ форум отырысы басталып кетті.
Биылғы форумның ұйымдастырылуы әдеттегіден өзгешелеу болды деп айта аламыз. Ең алдымен, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің баяндамасы барынша қысқа болды. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері өміріміздің барлық саласында, соның ішінде аграрлық кешенде толағай табыстарға қол жеткендігін айтқан министр, бұл табыстар тәуелсіздіктің 20 жылы бойында еңбек еткен ауыл адамдарының, аграрлық құрылымдар басшыларының, ғалымдардың, барлық деңгейдегі әкімдердің Елбасы саясатын жүзеге асырудағы тынымсыз талпыныстарының елеулі нәтижесі болып табылатындығын атап көрсетті. Осы ретте министр 1994 жылы тың көтерудің 40 жылдық мерейтойында Ақмола жерінде Елбасының сол тұстағы құрылымдар басшылары алдында сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығының болашағы, ондағы жүретін құрылымдық өзгерістер туралы тың көзқарас білдіргендігін, кеңшарлар мен ұжымшарларды жекешелендіре отырып, саланы нарық қатынастарына көшірудің қажет екендігін айтқандығын еске алды. Әрине, сол кездегі ұжымшар мен кеңшарлар басшыларының көпшілігі оған қарсы болғандығы белгілі. Ескі түсініктегі олардың көпшілігі алдымызда келе жатқан жаңа заман бейнесін көріп, сезіне алған жоқ.
Бірақ соған қарамастан содан бергі уақытта жағдай мүлдем өзгерді. Бастапқы жылдар қиыншылықтармен есте қалғанымен елімізде орныға бастаған жаңа жүйе өз артықшылықтарын қазірдің өзінде дәлелдеді деп айта аламыз. Соның нақты куәсі биылғы жылғы мол астық. Еліміз бойынша 30 миллион тоннаға жуық астық алынса, әр гектардың берекесі орта есеппен 18,5 центнерден айналды. Кеңес өкіметі кезінде мұндай жетістік болып па еді.
Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының диқандары әр гектардан 22,7 центнерден өнім алып, 9 миллион тоннаға жуық астық жинады. Облыс тарихындағы рекордтық көрсеткіш. 9 миллион тонна астықты бір облысты қойып, біздің айналамыздағы жекелеген тұтас елдердің өмірі алып көрмегендігін еске алсақ, біз өзіміздің тәуелсіз мемлекетіміздің, оның аграрлық секторының қаншалықты қуатты екендігін айқын сезінеміз.
Осы ретте сөз алған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов биылғы мол астықтың алынуына мемлекеттің көмегі үлкен болғандығын, бір жылдың өзінде ғана облысқа 7 миллиард теңге субсидия бөлінгендігін атап көрсетті. Ал мемлекеттің жылма-жылғы жасап жатқан қаржылай қолдау шаралары облыстың ауылшаруашылық техника паркін 80 пайызға дейін жаңарту мүмкіндігін берді. «Сол үшін Сізге үлкен рахмет», деді облыс басшысы Елбасыға қарата. Осы ретте облыста биылғы жылы ауылшаруашылық құрылымдарының 30 пайыздан астамы әр гектардан 30 центнерден астам астық алғандығын атап көрсете кетсек орынды болар. Мұндай өнімді біз бұрын батыс елдеріндегі ауыл шаруашылығы саласының жетістіктері арқылы ғана естіп келген болатынбыз.
Бұдан кейін сөз тізгінін қайта алған министр Мамытбеков еліміздің ауыл шаруашылығы саласында мемлекет қолдауымен жүзеге асырылып жатқан шараларға екпін түсірді. Соңғы үш жылда ғана елімізде 10 ірі қазіргі замандық өнеркәсіптік жылыжай іске қосылса, әрбір облыста жүздеген шағын жылыжайлар салынуда. Сондай-ақ соңғы үш жылда 44 мың тонна өнім сақтауға мүмкіндік беретін, 11 көкөніс сақтау қоймасы салыну үстінде. Осындай тағы да 8 қойма салу жоспарда тұр.
Қазіргі күні астық шаруашылығының проблемасы ретінде негізінен бір дақылды - бидайды өсіруге екпін түсіріліп келе жатқандығын, алайда астық мол шыққан жылы оны сақтау мен тасымалдаудың үлкен күшке түскендігін айтып өтті. Демек, Елбасы тапсырмасындағыдай егістік алқаптарды әртараптандыру - заман алға қойып отырған үлкен міндеттердің бірі. Су тапшылығы жағдайында егістік алқаптарды суландыру мәселесінің де өткір сипаты бар. Бұл міндетті шешу үшін су пайдаланушылар кооперативтерін одан әрі жетілдіріп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ылғал сақтаушы технологияларды белсенді түрде енгізу, суландыру жүйелерінің тиімділігін арттыра түсу қажет.
Мемлекет мал шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөлуде. Үстіміздегі жылдың басында еліміздегі мал саны ірі қара бойынша 6 миллионға жетті. Ал қой саны 18 миллионды, жылқы 1,5 миллионды, түйе 200 мың басты құрады. Әрине, 1990 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда мал саны әлі де аз. Әдетте, мал шаруашылығының баяу дамитындығы, салынған қаржыны өтеудің ұзақ уақытты қажет ететіндігі белгілі. Сондықтан шаруалар малдан гөрі пайданы неғұрлым жедел беретін егіншілікпен айналысқанды жөн көреді.
Осындай үдерісті еңсеруге мемлекеттің мал шаруашылығын дамытуға жасаған қолдауы үлкен ықпал етуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ірі қара етінің экспортын дамыту жөніндегі арнайы жоба әзірленіп, іске қосылды. Жоба қазірдің өзінде оң нәтижелер байқатуда. Асыл тұқымды малға деген сұраныс артты. Оның үстіне Қазақстандағы мал шаруашылығын дамытуға шетелдік инвесторлар назар аударып, өз қаржысын сала бастады. Бұл біздің елімізде бұрын болмаған жағдай. Осы ретте министр Ақмола облысында екі асыл тұқымды репродуктор шаруашылық құрған «КазБиф» ЖШС бірлескен кәсіпорынның құрылтайшыларының бірі, АҚШ-тағы «Глобал Биф Инвесторс» компаниясының президенті Уильямс Прайсқа Елбасы рұқсатымен сөз тізгінін ұсынды.
Қазақстан жерінде жұмыс істеп жатқан америкалық инвестор өзінің ататегі малшы отбасы екендігін, осы кәсіпті бүгінгі күнге дейін жалғастырып келе жатқандықтарын айта келе Қазақстанға келулеріне мұндағы қолға алынған инвестициялық жағымды ахуалмен қатар, Қазақстанның осы саланы дамытудағы мол мүмкіндігі ықпал еткендігін жеткізді. Жерге бай Қазақстанда мал бағу атакәсіп болып табылатындықтан тарихтың осы сыйы ел үшін әлі мол кәдесін беретіндігін, оған өз басының сенімді екендігін атап көрсете келе, атакәсіптің дамуына жол ашқан ел Президентіне алғысын жеткізді.
Мал шаруашылығында «Сыбаға» бағдарламасы жақсы жұмыс істеуге кірісті. Қазіргі шаруашылықтарды дамыта отырып, жаңа тұрпатты фермерлік шаруашылықтарды қалыптастыру, ондағы мал тұқымдарының асылдануына жол ашу осы бағдарламаға артылған міндеттердің бірі.
Жаңадан пайда болған фермерлік шаруашылықтар қазірдің өзінде 45 мың бас қолтума сиырларды сатып алып, оларды асыл тұқымды бұқалармен шағылыстыру нәтижесінде асыл тұқымды мал өндірісін жолға қою ісіне кіріскен. Фермерлік шаруашылықтармен қатар мал бордақылау алаңдары да дамытылмақ. Осындай жұмыспен шұғылданып жатқан Батыс Қазақстан облысындағы «Кроун Батыс» ЖШС басшысы Серік Қабитханұлы Елбасына қазір өздерінің Мәскеуге дейін ет жіберіп жатқандықтарын хабарлады. Бұл жерде Елбасының бастамасымен құрылған Кеден одағының бұл шаруашылыққа тигізіп тұрған пайдасының зор екендігінің, өздері жөнелткен еттің үш күннің ішінде Мәскеуге жеткізіліп саудаға шығарылатындығын атап көрсетті.
Ауыл шаруашылығы саласындағы соңғы жылдардың тағы бір жағымды жаңалығы мемлекеттің қолдау білдіру нәтижесінде оқу бітірген жастардың ауылға барып, оны көркейтуге атсалыса бастағандығы. Астанадағы аграрлық университеттің 5-курс студенті Әйгерім Көкеева да осындай ниетте екен. Ол мал дәрігері мамандығын алып шығысымен өз ауылына бармақ. «Мен оқу бітірісімен Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданындағы Тайшық ауылына барып, өз ауылымды көркейтуге атсалыспақпын. Оған себеп болып отырған Сіздің саясатыңыз бен біз секілді жастарға жасап отырған қамқорлығыңыз», деді Әйгерім Елбасына қарата.
Қашанда болсын жастар тілегіне назар аударатын Елбасы Әйгерімнің сөзін іліп әкетіп, мұндай жастардың қатары елімізде 16 мыңға жеткендігін атап көрсетті. Ветеринар мамандар елімізге өте қажет болып отырғандығын, өйткені, ет экспортын дамыту үшін еліміздегі ет өндірісі батыс елдеріндегі рыноктар талаптарына жауап бере алуы қажеттігін, мұнсыз аталған істі алға жылжытудың өзі мүмкін емес екендігін айта келе Әйгерімнің бастамасына қолдау білдірді. «Сіздің осындай жақсы ұйғарымыңызды барлық ветеринар жастар естісе екен», деген тілегін білдірді.
Сонымен, ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жақсы істер көп. Ондағы өнім көлемі үстіміздегі жылдың 9 айында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 22 пайызға артты. Болжам бойынша, 2011 жылы саладағы бір қызметкер өндіретін өнім көлемі 5 мың АҚШ долларын құрайтын болады. Демек, саладағы еңбек өнімділігі 2005 жылмен салыстырғанда 2 есе жоғары болып шықпақ. Ал астық экспортының көлемі 3 есе ұлғайғалы отыр.
«Осының барлығы тәуелсіз Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірісіндегі табыстарын айқын көрсетеді. Бұл Сіздің, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, ауылды және агроөнеркәсіп кешенді дамыту мәселесінде көреген стратегиялық саясат белгілегендігіңізді дәлелдейді», деді Асылжан Мамытбеков.
Мұнан кейін жаңа инвестициялық жобаларды іске қосудың онлайн трансляциясы болды. Елбасы Алматы облысындағы «Нұр» агрофирмасының 13 тонна көкөніс сақтауға мүмкіндік беретін қазіргі заманғы технологиялармен жабдықталған қоймасын және Ақмола облысындағы 1800 бас ангус және герефорд мал тұқымдары өсірілетін жаңа тұрпатты шаруашылықты іске қосты. Бұл екі субъектіде 520 адамға жұмыс берілген.
Агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің республикалық форумының жұмысын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қорытындылады.
Елбасы өз сөзінде ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын Қазақстанның аграрлық секторы бұрын-соңды болмаған табыстармен қорытындылағалы отырғандығын атап көрсетті. Егіншілікте соңғы 55 жылда алынбаған мол өнім 30 миллион тонна астық алынды. Оның 25 миллион тоннасы бидайдың үлесінде.
Осы ретте Елбасы аграрлық секторды қолдау мақсатында соңғы 5 жылдың өзінде республикалық бюджеттен 670 миллиард теңгенің бөлінгендігін, әлемдік дағдарыс өршіп тұрған 2009 жылдың өзінде ұлттық қордан аграрлық сектордың болашағы үшін үлкен маңызы бар инвестициялық жобаларды қаржыландыруға 120 миллиард теңгенің қарастырылғандығын айтты. Осы қаржыға қазірдің өзінде 42 жаңа өндіріс орны іске қосылып отыр.
«Халқымызда «Ауыл - ат байлар алтын қазық» деген қанатты сөз бар. Расында, ауыл біздің қастерлі атақонысымыз, тіршілік тынысымыз, киелі алтын тамырымыз. Баршаңыз да білесіздер, біз индустриялық-аграрлық елміз. Біздің ел экономикасының екі басым бағыты бар. Бұл - индустриялық және аграрлық салалар. Ауыл шаруашылығы қашанда ел экономикасын алға сүйрейтін жетекші саланың бірі болған, солай болып қала береді де. Мен оған кәміл сенемін», деді Елбасы форум қонақтарына арнаған сөзінде.
Ауыл шаруашылығын дамыту - 7 000-ға жуық ауылды өркендетіп, ел азаматтарының тең жартысының жағдайын жасау екендігіне тоқталған Елбасы бұл салаға мемлекет тарапынан айрықша назар аударылып, тәуелсіздік жылдарында ерекше көңіл бөлініп, көп қаражат жұмсалып келе жатқандығын жеткізді.
«Кеңес одағынан бізге ауыртпалығы мол, артта қалған ауыл шаруашылығы мұра болып қалды. Азаттықтың алғашқы жылдарында да ауыл алапат дағдарыстарды бастан өткерді. Малдың басы азайды, жерді игеру тоқтап қалды. Дегенмен, сол қиындықтарды жеңіп, ауқымды жаңғыртулар арқылы біз ауыл шаруашылығын қарыштатып, дамыта алдық. Біз жасампаз жиырма жылда ауылдың еңсесін тіктеп, агроөнеркәсіпті өрге сүйредік.
Біздің дұрыс жол таңдағанымызды уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Биылғы мерейлі жылда егін бітік шықты, қамбамыз астыққа толды. Бұрын болып көрмеген зор табыстарға жеттік. Биылғы астық Қазақстан үшін рекордтық болды. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері ерен табысқа жетіп, ел ырысын еселеп, Тәуелсіздік тойына лайықты тарту жасады. Сондықтан, бүгінгі кездесуді қуанышты, мерекелі кездесу деп айтуымызға болады.
Осы орайда ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге үлес қосқан сіздерге, сіздер арқылы барлық аграрлық саланың қызметкерлеріне шын жүрегіммен алғысымды айтып, келешекте де зор табыстар тілеймін. Бұл сіздердің Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арнаған тартуларыңыз, төгілген тердің өтеуі, ерен еңбектің нәтижесі деп білемін. Бұл бүкіл Қазақстанның аса зор жеңісі. Мен агроөнеркәсіп кешенінің барша қызметкерлеріне Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тартқан осынау бағасыз сыйлықтар үшін шын жүректен алғысымды білдіремін», деді Елбасы.
Рекордтық астық - бұл тек сәттіліктердің сәйкес келуін немесе табиғаттың ерекше тартуын ғана білдірмейтіндігін айтқан Елбасы егер тарихқа назар аударсақ, кеңестік кезеңдегі «ұлы тың астығының зор жетістіктерінің» өзі экстенсивті жолмен алынғандығын еске салды. Нәтижеге емес, көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында мал шаруашылығына орасан зор нұқсан келтіріле отырып, көлемді жайылым жерлер егістік үшін жыртылып тасталынды. Ал өсірілген астықты алу үшін тұтас әскери бөлімдер, студенттер мен қалалықтар осы іске жұмылдырылатын. Барлығы да көрсеткіштер үшін жұмыс істеді. Мұны сол жылдар еңбек еткен ардагерлер жақсы біледі. Осы ретте Елбасы миллиард пұт астық алу үшін шаруашылық басшыларын мәжбүрлей отырып, барлық астықтың отан қоймасына жөнелтіліп, артынан мал азығына деп миллиондаған тонна астықты орталықтан қайта сұрап алу жағдайы да кездескендігін өзі бастан өткерген жағдайдан мысал келтіре отырып айтып берді.
Ал Қазақстанның қазіргі рекорды мүлде басқа тәсілдермен алынып отыр. Оған екі шешуші фактордың ықпалы зор болды. Біріншісі, мемлекет қолдауына арқа сүйеген біздің фермерлердің ерлік еңбегінің нәтижесі. Егістік алқаптардың жартысынан астамында тұқым себу, өнім жинау жұмыстары жоғары өнімді жаңа техникалармен жүргізілді. Егістің 70 пайыздан астамында ылғал ұстаушы технологиялар қолданылды. Қазіргі күні 11 миллион гектардан астам егістікте осы технология іске асырылды. Ол тек ылғал сақтап қана қоймайды, сонымен қатар топырақтың құнарын да сақтайды.
Қазақстан ауыл шаруашылығының осы жеңісіне ықпал еткен екінші фактор - бұл мемлекеттің аграрлық саясатының жемісті нәтижесі. Өткен екі онжылдық Қазақстанның ауылдары мен селоларын түбірімен өзгертті. Кеңес одағы тараған кезде жас мемлекетке өте ауыр жағдай мұраға қалған еді. Ауылдықтардың жартысынан астамы кедейшілік қамытында өмір сүрді. Өйткені, еңбекке деген ынта болмады. Шығын есептелінбеді. Бұрынғы әдіспен оны еңсеру мүмкін емес еді. Сондықтан да тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап аграрлық саланы реформалау қажет болды.
Бүгінгі күні адамдардың жерге деген көзқарасы сол кезбен салыстырғанда түбірінен өзгергендігін айтуға болады. Жер өз иелерін таба бастады. Қазір олардың қатарында 185 мың шаруа және фермер шаруашылықтары, 9 мың ірі және орта кәсіпорындар, серіктестіктер мен акционерлік қоғамдар бар. Халықтың үштен бір бөлігі осыларда жұмыс істеп жатыр. Әр жыл сайын нақ осы секторда елдің ұлттық байлығының 7 пайызы жасалынады.
Жерге жеке меншік туралы мәселені неғұрлым әділетті шешкен Жер туралы заң аграрлық сектордың тұрақты құқықтық негізі болып табылады. Ауыл шаруашылығын дамытудың құқықтық негізі, барлық қажетті заңдар топтамасы қабылданды. Мұнда сол кезде ауыл шаруашылығы министрі болып жұмыс істеген Ахметжан Есімовтің де еңбегі бар.
Қазақстанда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді мемлекеттік қолдаудың тиімді тәсілдері қалыптастырылып, жұмыс істеуде. Олар жеңілдікті салық салу, несиелендіру және субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтарының арзандатылған лизингі және басқа да көптеген шаралар.
Ауылдар мен селоларды дамытудың алты жылдық мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Оның аясында 1 триллион теңгедей қаржы игерілді. Көптеген ауылдық елді мекендерде жаңа мектептер, ауруханалар, мәдениет үйлері, жолдар, сумен қамту жүйелері, электр желілері салынды.
Көксарай су қоймасы, Шардара-Мақтаарал каналы секілді ірі жобалар жүзеге асырылды. Оңтүстік Қазақстан облысының құнарлы жерлері су басып қалу қаупінен арылды. Қоймалардың су ресурстары құрғақшылық жылдарының өзінде жоғары өнім алудың тұрақты кепілдігі бола алады.
Мемлекет ауылдағы шаруашылықтарды білімді мамандармен қамтамасыз ету жөнінде де шаралар қолдануда. Соның бір дәлелі «Дипломмен - ауылға» арнаулы жобасы. Қазір осы жоба бойынша 16 мыңнан астам жас қазақстандық ауылдарға барып жұмыс істеуде. Әкімдіктер тарапынан оларға жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Бүгінгі күні Қазақстан әлемдік астық экспортындағы жетекші елдер ондығының ішіне кіреді. 2010 жылы рынокқа еліміз 9 миллион тоннадай астық тапсырды. Соның 3 миллион тоннаға жуығы Орталық Азия елдеріне жіберілді. Ал Қазақстанның биылғы экспорттық мүмкіндігі 15 миллион тоннаға дейін жетеді. Ұн экспорты жөнінен Қазақстан осымен 5 жыл қатарынан әлемде жетекші ел болып отыр.
Мемлекет біздің ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер үшін экспорттық дәліздерді кеңіту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізуде. Каспий өңірінде Иран мен Кавказ елдеріне астық экспорттау үшін көліктік-логистикалық инфрақұрылым құрылды. Ақтау, Әзербайжандағы Баку, Ирандағы Әмірабад порттарында бұрынғы қуаттар ұлғайтылды және жаңа астық терминалдары іске қосылды. Болашақта Қазақстан - Түркіменстан - Иран - Парсы шығанағы, темір жол жобасы жүзеге асқан кезде, қазақстандық жүктер көлемі едәуір дәрежеде арттырылатын болады. Сол кезде Парсы шығанағы арқылы Жерорта теңізінің шығысы мен Солтүстік Африкаға еліміздің азық-түлігін жеткізудің мүмкіндігі қалыптасады.
«Жетіген - Қорғас» темір жол желісін аяқтап, «Қорғас халықаралық көліктік-логистикалық» хабын іске қосу Қытайға және одан әрі Тынық мұхит аймағына шығу мүмкіндігін туғызады.
Осы ретте Елбасы жуықта Вьетнамға жасаған сапары кезінде Қазақстан астығын осы елге жеткізу мәселелері талқыланғандығын айтып өтті.
Сонымен қатар, Кеден одағының құрылуы, Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінде біртұтас экономикалық кеңістіктің жүзеге асуы қазақстандық бизнестің қолын Брест пен Владивостокқа дейін жеткізетін болады.
Елбасы азық-түліктің қазіргі күні және болашақта әлемнің ең тұрақты валютасына айналғандығын атап көрсетті. Жуықта планетаның 7 миллиардыншы тұрғыны өмірге келген. БҰҰ-ның болжамы бойынша, 2050 жылы адамзаттың азық-түлік тұтынуы 2 еседен астам өсетін болады. Сондықтан азық-түлік қашанда өз бағасын ұстайды. Қазақстан қазірдің өзінде азық-түлік жөніндегі өз қажетінің 80 пайызын қамтамасыз ету мүмкіндігіне жетті. Мұның сыртында экспорт көлемін де арттыра түсті. Демек, Қазақстан фермерлерінің өңірлік және жаһандық бәсекелестікке қатысу мүмкіндігі барған сайын ұлғайып келеді. Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің құрылуы бұл үдерісті одан әрі үдете түспек. Сондықтан Елбасы аграрлық секторды Қазақстанның маңызды инновациялық кластер ретінде қарастыратындығын жеткізді.
Осы ретте іске асырылып жатқан шараның бірі - индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында аграрлық салада 75 жобаның іске қосылғандығы. Бұл - индустрияландыру картасына енгізілген барлық нысандардың жартысына жуығы. Енді жыл соңына дейін тағы да 92 аграрлық өндірісті ашу жоспарланып отыр.
Қазір жұмыс үстіндегі ауылшаруашылық кәсіпорындарын жаңғырту жұмыстарына одан әрі қарқынды сипат беру, маңызды. Осыған орай Елбасы Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып, аграрлық сектордың өңдеу өндірістерін жаңғыртудың нақты жоспарын әзірлеп жүзеге асыруды тапсырды. Бұл агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін 2 еселендірудің маңызды мәселесі екендігін атап көрсетті. Сонымен қатар, Қазақстанның ауылшаруашылық саласын жаңа шептерге алып шығу үшін бірқатар мәселелерді шешу қажеттігін атады.
Үкіметке аграрлық секторды, соның ішінде, мал шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктерін енгізу үшін қадамдық жол картасын әзірлеуді тапсырамын, деді Президент. Мен өз Жолдауымда ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2 есе арттыру жөнінде тапсырма берген болатынмын. Мұны тек өнімді өңдеу, өнімнің ақырғы құнын арттыру арқылы ғана жүзеге асырамыз. Оның үстіне мұны Кеден одағына және алдағы уақыттағы Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру мүмкіндігіне қатысты барлық мәселелерді ескере отырып, шешуіміз керек, деді Мемлекет басшысы.
Екіншіден, Қазақстанның ауыл шаруашылығы инновациялық болуы тиіс. Сондықтан бізге отандық аграрлық ғылымды дамытудың нақты бағдарламасы қажет. Он жыл ішінде мемлекет ауыл шаруашылығындағы ғылыми әзірлемелерді даярлауға 20 миллиард теңге қаржы жұмсады. Біздің ғалымдарымыз жоғары өнім беретін бірқатар бидай сорттарын әзірледі. Бірақ олар барлық жерде бірдей қолданылмайды. Неліктен? Себебі, ғалымдар жаңа сорттар мен агротехнологияларды әзірлеуге ондаған жылдарын сарп етсе, мұнан кейін сорт сынау жөніндегі мемлекеттік комиссия оларды енгізу қажет пе, жоқ па деген мәселемен үш жыл бойы айналысады. Ал ғылым қазір бір жерде тоқтап тұрмайды ғой. Соның салдарынан біздің аграрлық ғалымдарымыздың еңбегі ешкімге қажет болмай, зая кетуде. Сондықтан Елбасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Қазагроинновациямен» бірлесе отырып, отандық аграрлық ғылымды реформалау бағдарламасын қарауды тапсырды.
Аграрлық сала үшін білікті кадрлар даярлау - мәселенің екінші жағы. Қазіргі күні 43 ветеринарлық зертхананың құрылысы жүргізілуде. Келесі жылы тағы да 63 зертхана салынатын болады. Олардағы жаңа құрал-жабдықтарда кімдердің жұмыс істейтіндігі ескерілген бе? Сапалы ветеринарлық қызметсіз етті экспорттау да мүмкін емес. Өйткені, біздің өнім сапасы еуропалық стандартқа жауап беруі тиіс. Осыған орай, аграрлық жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларын қайта бір тексеру жөнінде тапсырма берілді. Бұл міндет Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Білім және ғылым министрлігіне жүктелді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша аграрлық мамандықтарға берілетін квотаны арттыру туралы да айтылды.
Үшіншіден, бүгінгі күні фермерлерді агроинновацияны енгізуге ынталандыратын тиімді шаралар қажет. Шетелдік технологияларды енгізу әзірге ірі және орта шаруашылықтардың ғана қолдарынан келеді. Көптеген фермерлер мұндай мүмкіндікке ие емес. Сондықтан ауылдағы инновациялық белсенділікті қолдау үшін қолжетімді қаржылық тетіктерді әзірлеу қажет.
Елбасы егістік алқаптарды әртараптандыру мәселесіне ерекше тоқталды. Малазықтық, бұршақтық және майлы дақылдар егістігін арттыру қажет. Егістік құрылымдарын әртараптандырудың тетіктерінің бірі - бұл бидай өндірісін субсидиялаудан ауылшаруашылық техникалары лизингін, несиелерді арзандатуға, астықты кепілдікті баға бойынша сатып алуға қарай көшу. Сондықтан Үкіметке егістік алаңдарды әртараптандыруды қамтамасыз ететіндей фермерлерді ынталандыру тетіктерін әзірлеуді тапсырамын, деді Елбасы. Сонымен қатар, Үкімет пен облыс әкімдеріне барлық жерлерді қайта түгендеп, ауыл шаруашылығы айналымына қосу үшін олардың әлеуетін айқындауды жүктеді.
Төртіншіден, етті мал шаруашылығын астық өндірісі секілді стратегиялық салаға айналдыруға тапсырма берілген болатын. Оны жүзеге асыруға «ҚазАгро» арқылы 130 миллиард бөлінген. Бүгінгі күні елімізге шетелден әкелінген асыл тұқымды малдардың үлгілерін пайдалана отырып, жалпы мал басының сапасын арттыру жөніндегі селекциялық жұмыстарды күшейту қажет.
Сонымен қатар, Елбасы Үкіметке «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорымен бірлесе отырып, Қазақстан темір жолы базасында халықаралық деңгейдегі қуатты көліктік-логистикалық компания құруды тапсырды. Теміржол, автокөлік жолдары, авиация, басқа да көлік түрлері осындай бірыңғай орталыққа бірігуі қажет. Бұл биылғы жылғыдай мол астық алынған жағдайда оларды тасымалдау, сақтау мәселесін неғұрлым тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Бесіншіден, аграрлық сектордың дамуы ауылдар мен селолардың гүлденуінсіз, ауыл халқының тұрмыс жағдайының жақсаруынсыз мүмкін емес. Қазақстанда 7 мыңға тарта ауылдық елді мекен бар. Олардың 3 мыңға жуығы 2020 жылға дейінгі еліміздің аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды кестесіне қосылып отыр. Бұлардың дамуы үшін мемлекеттік ресурстардан барлық қажеттіліктер бөлінеді. Осылайша қазақстандық ауылдар мен селолар тұрмысқа жайлы жаңа кейіпке ие болады. Елбасы ұлттық компанияларды, кәсіпкерлерді, қоғамдастықтарды осы іске үлес қосуға шақырды.
Бүгін ауыл шаруашылығы жөнінде біраз әңгіме қозғадық. Бұл саланы дамыту үшін нақты жұмыс жасап келе жатырмыз. Алдымызда істейтін шаруа әлі көп. Жаздың бәрі, жылдың бәрі биылғыдай бола бермейді. Неше түрлі жағдайлар болғанын білеміз. Барлығына дайындалу керек. «Астықты жиып алдық, керемет болды» деп қарап қалуға болмайды. Ендігі жылғы көрсеткіш дұрыс болуы тиіс, деді Елбасы сөзін қорытындылай келе.
Форум соңында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылған үлкен бір мәртебелі шара болып өтті. Елбасы өз Жарлығымен ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін еліміздің 200-ден астам қызметкерін мемлекеттік наградалармен марапаттау жөнінде Жарлық шығарған екен. Соның ішінде Қазақстан Республикасын экономикалық дамытудағы, өндірістегі қызметтегі аса үздік жетістіктері үшін 3 адамға «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліпті. Олар - Қостанай облысы Қостанай ауданындағы «Заречное» ЖШС директоры Валентин Иванович Двуреченский, Ақмола облысының Зеренді ауданындағы «Қазэкспортастық агрофирмасы» ЖШС бас директоры Әділхан Айтқазынұлы Кенжебаев, Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы «Тайынша-Астық» ЖШС бас директоры Руслан Жұмабекұлы Молдабеков. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында еңбектері арқылы жұлдыздары жанған бұл азаматтардың барлығы еліміздің жоғары наградасын Елбасының өз қолынан алу құрметіне ие болды.
Сөзінің соңында Елбасы форум қонақтарын ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы орасан зор жеңіс - ауыл агроөнеркәсіптік кешен саласындағы үлкен табыстарымен, алда келе жатқан агроөнеркәсіп кешен қызметкерлерінің төл мерекесімен құттықтап, ауыл халқына үлкен табыстар тіледі.
«Егемен Қазақстан» газеті, 2011 жылғы 12 қараша.