Ауылымның «бойына қан жүгіртуді» мақсат еттім - СҚО-дағы этноауыл иесі
Есіл ауданы Өрнек ауылында табиғат аясында демалуды ұнататындарға арналған этноауыл жұмыс істеп жатыр. Кәсіпті осы ауылдың тумасы Аман Әлменов ашқан. Әзірге қонақтарды қабылдайтын екі киіз үйі ғана бар кәсіпкер болашақта ісін кеңейтпек.
«Ауылдан ешқайда кетпес едім, әскерден келгесін жұмысқа орналаса алмадым. 2000 жылдар болатын. Содан қалаға кетуге мәжбүр болдық. Онда техникалық қызмет көрсету орталығына аула сыпырушы болып жұмысқа тұрдым. Кейін Бескөл елді мекенінде жеке техникалық қызмет көрсету орталығымды аштым. 20 жылдай еңбек етіп келемін осы кәсіпте. Бірақ, менің ойымнан осы жылдар бойы туған ауылым – Өрнегім кеткен емес. Табиғаты керемет қой, осыны пайдаланып, іс бастағым келді», - дейді Аман Әлменов.
2018 жылы ол «Бастау бизнес» бағдарламасына қатысады. Сол жерде бизнес-жаттықтырушылармен сөйлесе отырып, этноауыл ашу жайындағы арманымен бөліседі.
«Мақсатым – қазақтың салт-дәстүрлерін жаңғырту, ауылыма демалушыларды тартып, елді мекен бойына «қан жүгірту» еді. Олар бірден қолдады. Жергілікті әкімдер де құптап, 8 га жер берді. Алматыға барып, бүкіл жасауымен екі киіз үй сатып әкелдім.
Адамдар бұл жерге тек музейге келгендей болмайды, олардың демалуына бар жағдай жасадым. Жанымызда Есіл өзені ағып жатыр. Демалушылар суға түседі, күнге қыздырынады. Олардың қауіпсіздігіне екі құтқарушымыз жауап береді, ауылымыздың жігіттерін жұмысқа алдым. Одан басқа тағы бір адам жұмыспен қамту орталығының бағдарламасы арқылы әкімгер ретінде қабылданды. Ыдыс-аяқты да түгендеп қойдым, келген кісілер осы жердегі қазан-ошаққа тамағын пісіріп, кәуап қуыра алады. Бұл жердің балығы да керемет, балықты аулауға да болады», - дейді кәсіпкер.
Өрнек ауылы – тарихы бар елді мекен. Мұнда Абылайдың серігі болған Жанатай деген батыр жатыр. Ауыл халқы, ел азаматтары ат салысып, қазір батырға ескерткіш орнатуды қолға алған. Келушілер осындағы батырдың мазарына соғып, дұға ете алады. Аман Әлменов Өрнек ауылының болашақта Қазақстанның киелі жерлері қатарына қосылатындығына сенімді.
«Жалпы, бастаған ісімді әрі қарай дамытқым келеді. Келесі жылы тағы да киіз үйлер әкеліп құрамын, санын онға жеткізгім келеді. Сондай-ақ, аспаздар алғым келеді. Демалуға келе жатқандар алдын ала хабарласып, тамаққа тапсырыс беріп қоя алады. Қысқы демалыс орнын да ашқым келеді. Қазір түрлі жаңа технологиямен салынған үйлер бар ғой, жылы. Есілдің жағасына қойып, қысқы балық аулауды ұйымдастырсам, адамдар таза ауада дем алса, шаңғы тепсе немесе атпен серуендесе», - дейді арманымен бөліскен кәсіпкер.