Ауыр атлет Арли Чонтей Азия чемпионатында жүлдегер атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытайдың Нинбо қаласында ауыр атлетикадан Азия чемпионатында алғашқы жүлде Қазақстан құрамасы қоржынына түсті. Ауыр атлет Арли Чонтей қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арли Чонтей 55 келі салмақта сынға түсті. Ол серпуде - 113, жұлқуда - 133 келіні төбесіне көтерді. Нәтижесінде қоссайыстың қорытындысында 246 келіні бағындырды. Қазақстандық ауыр атлет серпуде екінші болды.

Айта кетерлігі, Арли Чонтей Азия чемпионатында тұңғыш рет жүлдегер қатарынан көрініп отыр. Сондай-ақ, ауыр атлет 2017 жылы жазғы Универсиада ойындарында қола алса, 2018 жылы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. 2016 жылы жазғы Олимпиада ойындарында төртінші орынға тұрақтады.

Айта кетерлігі, ауыр атлетикадан Азия чемпионаты 18-28 сәуір аралығында өтеді. Құрлықтық дода 2020 жылғы Токио Олимпиадасына жолдама беретін лицензиялық турнир саналады.

Аталмыш жарыста еліміздің атынан 18 ауыр атлетке сенім артылған. Олардың қатарында жігіттерде Арли Чонтейден өзге Фархад Харки (67 келі), Нұрлыбек Саменов (81 келі), Денис Уланов (81 келі), Нижат Рахимов (89 келі), Рүстем Сыбай (96 келі), Илья Ильин (96 келі), Александр Зайчиков (109 келі), Ибрагим Берсанов (109 келі), Селимхан Абубакаров (109 келіден жоғары) бар. Ал қыздарда Зульфия Чиншанло (55 келі), Карина Горичева (64 келі), Екатерина Столяренко (71 келі), Жазира Жаппарқұл (71 келі), Екатерина Быкова (76 келі), Раушан Мешітханова (81 келі), Лариса Кобелева (81 келі), Айзада Муптилда (87 келіден жоғары) жарыс жолына шығады.

Соңғы жаңалықтар