Ауыр атлетика: Ұлттық құрама оқу-жаттығу жиынын бастады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы оқу-жаттығу жиынын бастап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жөнінде еліміздің ауыр атлетика федерациясы мәлім етті . Федерацияның хабарлауынша, ауыр атлеттер карантин талабына байланысты сынама жұмыстарын ойдағыдай тапсырған. Олардың толыққанды дайындық шараларын жүргізуіне болады.
Талап бойынша оқу-жаттығу жиынына 30-ға жуық адам қатыса алады. Бұл тізімде бапкерлер құрамы мен өзге де мамандар бар. Сондықтан спортшылардың көбі жеке жаттығу жұмысын жасауға мән беріп отыр.
Жиынға Абылай Әуелханов, Сайрамкез Акмолда, Игорь Сон, Арли Чонтей, Сайхан Тайсуев, Анатолий Савельев, Есенгелді Сәпи, Нижат Рахимов, Алексей Дроздов, Нұрғиса Әділетұлы, Артем Антропов, Рахат Бекболат шақыру алды.
Сондай-ақ бұл тізімде Андос Самарқанов, Гүлнұр Ыбырай, Дарья Павлова, Карина Кузғанбаева, Екатерина Быкова, Раушан Мешітханова, Айсамал Сансызбаева, Айзада Муптилда бар.
Еске сала кетейік, бұған дейін ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері ауысқан болатын.