Ауыр атлетикадан ҚР құрамасы Дүниежүзілік студенттер ойынын 6 медальмен аяқтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы Тайбэйде өткен 2017 жылғы Универсиада ойындарында өнер көрсетулерін аяқтады.
ХХІХ дүниежүзілік студенттер ойынына аттанған қазақстандық 10 спортшының алтауы медальдар еншіледі. Атап айтқанда, Альберт Линдер (69 кг дейін), Айдар Қазов (77 кг дейін), Денис Ұланов (85 кг дейін) «алтын» иеленсе, Карина Горичева (69 кг дейін) мен Рүстем Сыбай (94 кг дейін) - күміс, Арли Чонтей (56 кг дейін) қола медальдарға қол жеткізді.
«Мен спортшылардың нәтижесіне ризамын. Олар біз күткеннен артық өнер көрсетті, оның қуантпауы мүмкін емес. Кейбір спортшылар үшін бұл олимпиададан кейінгі алғашқы старт. Соның өзінде көрсеткіш жаман емес. Алда бізді жауапкершілігі мол күз күтіп тұр - 5 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының чемпионаты басталады, 17-27 қыркүйек аралығында Ашхабадта Азия ойындары және 27 қарашада біздің құрама командамыз биылғы жылдың бас спорттық шарасы - Әлем чемпионаты-2017-ге қатысады. Сол себепті демалысқа уақыт жоқ», - деп атап өтті Ауыр атлетикадан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Юрий Мельников универсиадаға қатысты өз пікірін білдірді.