Ауыр атлеттерді Рио Олимпиадасына өткізуге күш салған Түсіпбеков марапатталды
Жалпы, бұл медальді бүгін 100-ден астам адам иеленді. Олардың арасында Халық әртісі Жәния Әубәкірова, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов, Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова, «Қазақфильм» киностудиясының президенті Бақыт Қайырбеков, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы, жазушы Несіпбек Айтұлы және спорт ардагерлері мен мәдениет саласына еңбек сіңірген азаматтар бар.
Министр ҚР Ауыр атлетика федерациясының президенті Жанат Түсіпбековті марапаттай отырып, Рио Олимпиадасына барған ауыр атлеттердің жеңісіне тоқталды.
«Рио Олимпиадасының алдында өздеріңіз білетіндей, Қазақстан спортшылары допинг дауына ілікті. Лондон Олимпиадасы, Бейжің Олимпиадасының жеңімпаздары ойыннан шеттетілді. Тіпті, Қазақстан құрамасы түгел Риоға бармай қала жаздады. Алайда, осы адам (Жанат Түсіпбеков - агенттік) ауыр атлеттердің Рио Олимпиадасына қатысуы үшін қолдан келген көмегін аямады. Илья Ильин сияқты мықтылар ойыннан шеттетілгенмен, Қазақстан бәрі бір «алтын», «күміс», «қола» медальға ие болды», - деді А.Мұхамедиұлы Ауыр атлетика федерациясының президентін марапаттай отырып.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік туын қолда берік ұстау - әр қазақтың ең басты борышы, ең биік мақсаты» деп айтқан болатын. Сондықтан, Қазақстанды Отаным деп есептейтін әрбір азамат Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін еңбек етеді», - деген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы әрбір медаль иесіне зор еңбектері үшін алғыс айтты.