Ауыр халде жатқан өрт сөндіруші үшін жерлестері қан тапсырып жатыр
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысы Жарма ауданында қызыл жалыннан зардап шеккен Амангелді Тұрлыбеков үшін жерлестері қан тапсырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Сандыбаевтың айтуынша, өрттен зардап шеккен Амангелді Тұрлыбеков Семейдегі жедел жәрдем ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Науқастың жағдайы ауыр.
Кешеден бері өрт сөндіруші үшін жерлестері медициналық мекемеге келіп, қан өткізіп жатыр.
«Қазір бізде қан компоненттері жеткілікті мөлшерде. Тапсырған азаматтардың қаны тек өрттен зардап шеккен адамға ғана емес, сонымен қатар облыстың басқа да ауруханаларында емделіп жатқан көптеген науқастарға көмектеседі», - деді Марат Сандыбаев.
Оның айтуынша, қанды ерікті түрде тапсырушыларға арнайы медициналық пунктер жұмыс істеп тұр. Қан тапсыруға ниеті бар тұрғындар Семей қаласының қан орталығына – Сеченова көшесі, 4 мекенжайы бойынша бара алады. Анықтама телефоны – 8(7222)-42-15-34.
Еске салсақ, Абай облысы Жарма ауданында 3 өрт сөндірушіні күйік шалып, оның біреуі көз жұмған.
Денесін күйік шалған екі өрт сөндірушінің бірінің жағдайы ауыр.
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қаза болған өрт сөндірушінің отбасына қажетті көмек көрсетілетінін мәлім еткен.
Оларға 3 бөлмелі пәтер берілетін болды.