Авариялық жағдай туғызған: Қызылордада кортеж жүргізушілері жауапқа тартылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордалық тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында бірнеше жүргізушінің кортеж ұйымдастырғанын анықтап, құқықбұзушылықтың жолын кесті.
Кортеж қозғалысы барысында жүргізушілер маневр жасау қағидаларын және міндетті сақтандыру талаптарын бұзып, авариялық жағдай туғызған.
— Бұған қоса олар көлікті тоқтату және тұраққа қою қағидаларын бұзып, ұсақ бұзақылық жасаған, қауіпсіздік белдігін де тақпаған. Барлық қатысушы полиция бөліміне жеткізілді. Олар 19-26 жас аралығындағы Қызылорда қаласының тұрғындары болып шықты, — делінген хабарламада.
8 құқық бұзушыға қатысты 27 хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Оның 4-і ұсақ бұзақылық жасағаны үшін соттың шешімімен 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. 7 автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Бұған дейін Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, қауіпті маневр жасаған кортеж қатысушылары анықталды.