Австрия мен Италия арасындағы теміржол тоннелінің құрылысына жауапты компанияға кибершабуыл жасалды

АСТАНА. KAZINFORM – Австрия мен Италия арасындағы Бреннер базалық теміржол тоннелінің құрылысына жауапты BBT SE компаниясы хакерлік шабуылға ұшырады, деп хабарлайды DW.

d
Фото: DW

Бұл туралы компания өкілі Tiroler Tageszeitung газетіне мәлімдеді.

Басылымның мәліметінше, кибершабуылдың артында орыс тілді Everest хакерлік тобы тұруы мүмкін.

Everest халықаралық деңгейде әрекет ететін кибербопсалаушылар желісі ретінде белгілі. Америкалық ZeroFox компаниясының талдауына сәйкес, бұл топ ұйымдардың деректерін ұрлап, оларды жариялаймыз деп қорқыту арқылы ақша талап етеді.

BBT SE компаниясы кибершабуылды анықтағаннан кейін деректердің таралу көзіне оқшаулау шараларын қолданып, тиісті мемлекеттік органдарға хабарлаған.

– Кибершабуыл анықталғаннан кейін компания деректердің таралу көзін оқшаулап, құзырлы органдарға хабар берді. Қазіргі мәлімет бойынша, оқиға құрылыс жұмыстарына және жобаның операциялық процестеріне әсер еткен жоқ. Компания кибершабуылдың мән-жайын егжей-тегжейлі зерделеуді жалғастырып жатыр, – делінген ақпаратта.

Компания өкілдері хакерлермен келіссөз жүргізілгені немесе оларға ақша төленгені туралы сұрақтарға жауап бермеген.

Бреннер базалық тоннелі Австрияның Инсбрук қаласы мен Италияның Оңтүстік Тироль аймағындағы Фортецца елді мекені арасында салынып жатыр.

Жоба аяқталғаннан кейін бұл тоннель Еуропадағы маңызды теміржол магистральдарының біріне айналады деп жоспарланған.

Айта кетейік, бұған дейін Германияның Берлин қаласындағы Charité университеттік клиникасына хакерлік шабуыл жасалып, қызметкерлер мен пациенттердің жеке деректері ұрланғаны хабарланған болатын. Кибершабуылға қарамастан, медициналық мекеме жұмысын тоқтатпаған.