Австрияда 20-дан астам қарулы шешен ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Австрияда полиция Шешенстаннан шыққан 20-дан астам адамды ұстап, қаруларын тәркіледі.
Арнайы операция жұма күні ел астанасы Вена қаласы аудандарының бірінде өткен, деп хабарлайды ТАСС APА агенттігі мәліметтеріне сілтеме жасап.
Құқық қорғау органдарына жергілікті тұрғындардан Флоридсдорф ауданында бірнеше адамның жиналып жатқаны жайлы хабар түскен. Күдіктілер болса, әншейін қыдырып жүргендіктерін айтқан. Ал кейбірі үйлену тойын желеу еткен.
Полиция жақын маңда қар үстінен тапанша және автомат, сондай-ақ оқ-дәрілер тапқан. Оқиға орнына шұғыл лаңкестікпен күрес бойынша Vega арнайы бөлімшесі шақырылды.
« Барлық 22 адам сол жерде ұсталды»,-деп атап өтті полициядан. Қолға түскендердің автомобильдеріне тінту жүргізілді. Тергеу жұмыстары басталды.